Спорт

Жергілікті “Құлагер” ХК қарымта матчта павлодардық “Ертісті” тас-талқан етіп ұтты

Сонымен есеп: 0-де 2. Дегенмен, бұған құлагерліктер еңсені түсірмеді. Бірінші периодтың өзінде-ақ жерлестеріміз таразы басын теңестірді. Алдымен 18-ші минутта Константин Чеботаев қарсылас қақпашыны қапы қалдырды. Үзіліске санаулы уақыт қалғанда сан басымдығын ұтымды пайдаланған теріскейліктер сапындағы сұрмерген Максим Волков көзге түсті.

Осылайша, үзіліске қос команда тең нәтижемен тарасты.

– Бүгінгі ойын өте қызықты өтуде. Сөз жоқ, тартысты матч. Жерлестеріміздің тілеуін тілеймін.

– Құлагерліктер бүгін жеңіске жетеді. Алдыңғы шептегі шабуылшылар жарап тұр.

Екінші кезеңде жерлестеріміз ойын тізгінін өз қолдарына алды. Сауатты қорғанып, қауіпті шабуылдаған теріскейліктер есепте алға шықты. Кездесудің 22-ші минутында Егор Шастин шайба авторы атанды. Бұдан соң да құлагерліктердің қарқыны бәсеңдемеді. Бұл периодтың ортан белінде Илья Ахметов “Ертіс”-тің қақпасына 4-ші шайбаны дарытты.

3-ші жиырмаминуттықта ойын өрнегі айтарлықтай өзгерген жоқ. Құлагерліктер шабуылдады, ертістіктер қорғанды. Матч соңына таман солтүстікқазақстандық Евгений Чемерилов мергендік танытып, кездесудің нүктесін қойды. Осылайша 5-те 2 есебімен жерлестеріміз жеңіс тойын тойлады.

Евгений Чемерилов – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

– Өз мұз айдынымызда өткен алғашқы ойында сәл сылбыр қимылдадық. Ал, бүгінгі кездесу дәл біз жоспарлағандай өтті. 2 шайба жіберіп алғанымызбен басымдықты дер кезінде өз қолымызға алдық. Енді, жеңімпазды анықтайтын матч Павлодар қаласында өтеді. Біз қарсыластан басым түсу үшін барымызды саламыз.

Айта кетейік, “Құлагер” және “Ертіс” ХК арасындағы шешуші матч бүгін кешке өтеді. Бұл матчта жерлестеріміздің жолы болса, чемпионаттың жартылай финалына жолдама алмақ.

 

Култанов Байболат