МТРА жаңалықтары

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Қайырлы Едіресов – СҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Біз жастардың бос уақытын тиімді өткізулері үшін бар жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін ауылдық жерлерде түрлі спорттық нысандар болу керек. Бұрындары мен білетін Есіл ауданының азаматтары спорттық жарыстарда жүлделі орындардан түспейтін. Ал қазір ше? Нәтижелері көңіл көншітпейді. Бұның себебі неде?

Қазір Есіл ауданында жастардың саны 1500-ден асады. Олардың бос уақыттарын қалай өткізетіндері беймәлім. Өйткені, аталмыш ауданның орталығы Явленка селосында спорттық кешен жоқ. Дәл осындай проблема Булаево қаласы мен Мамлют ауданында да өзекті. Бірақ, мамандардың айтуынша бұл мәселе жақын арада өз шешімін табады.

Асылбек Әлдименов – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінде аталған бағытта бірқатар шаруа атқарылуда. Қазір Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой түзеуде. Мұндай спорттық ғимараттың құрылысы ағымдағы жылы М.Жұмабаев және Айыртау аудандарында да бастау алмақ. Ал Ақжар ауданында биыл жабық хоккей кортын қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Петропавлда 1200 адамға арналған теннис орталығының құрылысы басталмақ. Бұдан бөлек жуық арада Борки кентінде әсбебап спорттық кешен тұрғызылуы мүмкін.

 

Айгерим Ержанова