Әр түрлі

Петропавлда мысықтардың байқау-көрмесі өтті

– Бұл – “Персей” атты бенгал мысығы. Сырт келбеті сұлу көрінетін ол азиялық леопард тектес мысықтармен будандастырылған дейді мамандар. Бүгіндері осы төртаяқты үй жануарының салмағы 7 келіге жуық. Ал, оның құны 150 мың теңгеге бағаланған.

Осы 1 жастағы сирек кездесетін мысықтың салмағы өсе келе 20 келіге дейін жетіп, 20 жасқа дейін өмір сүреді екен.

Мына жерде парсылық және экзотикалық тұқымға жататын төртаяқтылардың үздіктерін анықтап, марапаттауда. Мұнда бас жүлдені “Данко”есімді 3,5 айлық кішкентай марғау ұтып алды. Асыл тұқымды болып келетін бұл жануарлардың бағасы да арзан емес. Мына кішкентай төртаяқтының құны – 120 мың теңге. Олар 15 жасқа дейін жасайды. Жеңімпаз деп танылған мысықтың иесі Татьяна Орлованың айтуынша, ол адамға жақын, әсіресе балаларды жақсы көреді екен.

Татьяна Орлова:

– Менің осы марғауымнан бөлек тағы да 8 парсылық және экзотикалық мысығым бар. “Ольтани” деген питомник ұстаймын. Мысық өсірумен айналысамын. Бұл іске ден қойғаныма 10 жыл болды. Өйткені, осы төртаяқты үй жануарларын жақсы көремін.

Көрмеге қатысушы мысықтардың әр тұқымына арнайы халықаралық стандарт бекітілген, осы стандартқа сай қазылар алқасы жануарлар түгінің түсі мен жүнінің үлпілдектігіне дейін тексеріп, тіпті дене бітімінің өлшемдерін де салыстырады.

Марина Василенко – Халықаралық фелинологиялық қауымдастығының сарапшысы:

– Аталған талаптар бойынша мысықтардың қайсысы көбірек ұпай жинаса, сол үздік деп танылады. Кейін иелеріне арнайы кубоктар мен мысықтардың күтіміне арналған қажетті заттар табыс етіледі. Дәстүрлі шараға қатысып жатқан үй жануарлары Көкшетаудан, Ресейдің Омбы,Түмен, Қорған және Абакан қалаларынан әкелінген.

Мұндағы мысықтардың барлығы дерлік өздерінің әрекеттерімен көпшіліктің көзайымына айналды.

– Маған мысықтар өте қатты ұнайды. Өйткені, олар өте әдемі. Олар адамды тістемейді.

– Арыстанға ұқсайтын мысық ұнады. Өзі үлкен. Менде де осындай мысық болса ғой деп армандаймын.

Айта кетсек, төртаяқтылардың байқау-көрмесі Петропавлда 2003 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

 

Тогжан Акмагамбетова