МТРА жаңалықтары

Петропавлда әлемдік “Жер сағаты” акциясы өтті

Солтүстікқазақстандықтар да аталған дүниежүзілік акциядан қалыс қалмай, өз үлестерін қосты. Бұл күні облыс орталығының бірнеше көшелері мен қалалық әкімдік және облыстық маслихат сынды мемлекеттік мекемелерде жарық шамдары 60 минутқа өшірілмек.

Жасұлан Смағұлов – СҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры:

– Ең бірінші мақсаты – адамдардың көқарасын өзгерту. Табиғатты қорғау. Осы акцияның аясында әкімшілік ғимараттар мен ірі сауда орталықтарында ішкі жарықты сөндіру қарастырылған.

“Жер сағаты” акциясы өңірімізде бұған дейін де бірнеше мәрте ұйымдастырылған. Бірақ, бұл жолғы ерекшелік Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жарықтың өшірілуінде болып отыр.

Бұл әлемдік шараның облысымызда дәстүрге айналуын жерлестеріміз толығымен қолдауда. Өйткені, осылайша ел ресурсын үнемдеуге үлес қосуға болады.

– Бұл бір керемет шара. Біз отбасымызбен кешкі серуенге шығып, үйдегі барлық жарықты және электр құрылғыларын өшіріп кеттік. Осылайша, біздің отбасылық бюджетіміз шамалы болсын үнемделеді. Және ел ресурсының сақталуына да кішкене көмек қой.

– Мен өзім үнемшіл емеспін. Үйде ата-анам соңымнан жүріп барлық жарықты өшіреді. Бірақ, дәл осындай акция арқылы адамдарды үнемшілдікке тәрбиелеуге болады деп есептеймін.

Айту керек, «Жер сағаты» акциясы 2007 жылы Аустралияның Сидней қаласында бастау алған екен. Биылғы шараға әлемнің 184 мемлекеті қатысқан.

 

Айгерим Ержанова