Қоғам

СҚО құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов 85 жасқа толды

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жақсылық аға еңбек жолын 1954-ші жылы Полудинск машина трактор станциясының агрономы болып бастады. 20 жылға жуық біздің өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын басқардыңыз. Сіздің жетекшілігіңізбен мал шаруашылығында тың технологиялар қолданыла бастады. Соның арқасында ет пен сүт өндіру екі есеге артып, егіннің берекелігі гектарына 5 центнерге дейін жетті. Бұдан бөлек Жақсылық Ғабдоллаұлы 1985 пен 91-ші жылдар аралығында Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет етіп, сол өңірдің дамуына да сүбелі үлесін қосты.

Бұдан кейін аймақ басшысы мерейтой иесін марапаттап, сыйлық табыс етті.

Кейін Жақсылық Ысқақовты жерлестері де құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Ескендір Елеусізов – СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Біз – енді сіздің соңыңыздан ерген інілеріңізбіз. Сонау 70-ші жылдары келіп, ауыл шаруашылығындағы агроном болып істеп жүрген кездерде агротехниканың шыңына жеткен кездері болды ғой деп. Өйткені, әрбір дәннің қасынан минералды тыңайтқыштың грануласын табу керек болды. Осылай біздің бұл саламыз алға басты. Оның басы-қасында сіз болдыңыз аға.

Жалпы Жақсылық Ысқақов 1932-ші жылы 23-ші наурызда қазіргі Есіл ауданындағы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын, Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының орталық комитеті жанындағы жоғары партиялық мектепті тәмамдаған. Бүгінде Жақсылық Ғабдоллаұлы 3 ұлдан 7 немере мен 4 шөбере сүйіп отыр.

Жақсылық Ысқақов – еңбек ардагері, СҚО құрметті азаматы:

– Біз жұмыс істеп жүрген кезде өңіріміз алғаш рет “Мәдениеті жоғары жер” деген атқа ие болды. Бұған менімен бірге жұмыс істеген халықтың да еңбегі бар.

Кездесу соңында барлығы естелікке суретке түсті.

 

Риат Шони