МТРА жаңалықтары

ҚР ІІ министрінің орынбасары Юрий Ильин Петропавл су қоймасының жағдайымен танысты

Қайролла Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Есіл өзені арнасынан асқанда аудандағы 3 көшеге су кіріп, бірнеше баспанаға қауіп төндіретін. Сондықтан, биыл бұл жағдай қайталанбас үшін дамбаны қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жасалды. Ол шараларға 600 млн теңге жуық қаржы жұмсалды. Жөндеу шаруаларын «Казпако» серіктестігі атқарды. Олар 2 жыл кепілдік беріп отыр.

Апат айтып келмейді. Сондықтан, төтенше жағдай бола қалса, мұнда адамдарды қабылдайтын 2 мектеп әзірленген. Осы шараларды мықтап қолға алуды вице министр де қадап айтты. Кейін мейман Петропавл су қоймасына да соғып мұндағы жағдайды байқады. Өткен жылы нысанның оң жақ қанаты күшейтілді. Жалпы қойманың сыймдылығы – 24,5 млн текше метр. Бүгіндері мұндағы тіршілік көзінің деңгейі 92 метрді құрап отыр. Бұл өткен жылғыдан сәл төмен дейді мамандар. Ал жалпы көктемгі қауырт маусымға дайындық күшейтілген.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– СҚО аумағында 95 елді мекенді су басу қаупі бар. Дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 1000-нан аса арнайы техника дайындалды. Тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жолдарды аршып жатырмыз. Халықпен тиісті жұмыстар жасап жатырмыз. Яғни, түсіндіру, ақпараттандыру.

Жалпы қызыл су наурыздың соңында не сәуір айының басында келеді деп жоспарлап отыр мамандар. Сондықтан, өңірдегі су тасқынын алдын алу жұмыстарымен танысқан вице-министр дайындық шараларына оң бағасын берді.

Юрий Ильин – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Ауа райы қазір оң қабақ танытып отыр. Қар ақырындап еріп жатыр. Еріген қар суын қабылдай алатын су көздері оған әзір. Және резерв жеткілікті. Өткен жылы бөлінген қаржыға қосымша гидротехникалық құрылғылар тұрғызылыпты. Сондықтан, қызыл су биыл аса қауіп төндіре қоймайды деп ойлаймын.

Биылғы қыс қарға сараң болмады. Сондықтан, ақ ұлпаны шығару шаралары да қарқын алған. Бірақ, оны күшейте түсу қажет деді вице- министр. Ал жалпы қыс басталғалы қаладан 726 мың текше метр қар шығарылыпты. Бұл жұмыстарға петропавлдықтар да білек сыбана кірессе жақсы болар еді дейді мамандар. Өйткені, коммануалдық мекемелерге қарап отыруға болмайды. Өз ауласындағы ақ ұлпаны әркім өзі шығарса, нұр үстіне нұр болар еді.

Магжан Ахмадина