Қоғам

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова 70 жасқа толды

Соңғы үш жыл бойы Сара Қайроллақызы Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы қызметін атқарып келеді. Бүгін мерейтой иесін шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов құттықтап, өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтау хат пен бағалы сыйлық табыс етті.

Бүгін мына залға мерейтой иесінің әріптестері мен үзеңгілес достары жиылыпты. Любовь Соболева Сара Қайроллақызын 40-жылға жуық уақыт біледі екен.

Любовь Соболева – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі:

– Мен, Сара Қайроллақызын 80-ші жылдардан бастап танимын. Ол кісімен бір жерде жұмыс істемесек те жақсы жан екенін мақтанышпен айта аламын. Өмірде шығармашыл адам, үнемі ізденісте жүреді. Көмек сұрап келген кісілерге қол ұшын бермей қайтармайды.

Жиынға туған күн иесінің жұбайы, облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов те келген. Олар зайыбы Сара Қайроллақызы екеуі осыдан 46 жыл бұрын шаңырақ көтерген екен. Бүгінде ата мен әже атанған жандар 2 баладан 4 немере сүйіп отыр.

Жамбыл Тасеменов – Сара Тасеменованың жұбайы:

– Біздің отбасыда теп-теңдік орнаған. Барлығын Сара Қайроллақызымен ақылдасып алып істейміз.

Жиын соңында қонақтар Сара Қайроллақызын туған күнімен құттықтап, өздерінің тілектерін білдіріп тарасты.

 

Култанов Байболат