МТРА жаңалықтары

Өңірде “Б” корпусының мемлекеттік қызметкерлерін аттестаттау жалғасуда

Жамал Ахметова – аттестаттау комиссиясының мүшесі:

– Мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттаудың мақсаты – олардың кәсіби даярлық деңгейі мен жүктелген лауазымдық міндеттерді уақытылы және сапалы деңгейде орындау қабілетін айқындау. Сұхбаттасу барысында облыс тұрғындары тұрмысының сапасын арттырудағы олардың қабылдап жатқан шешімдері анықталады. Оған қоса, қызметкерлердің стратегиялық ойлауы мен мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесі де ескеріледі.

Аттестаттаудың жаңа форматы мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен психологиялық дайындығын анықтауға мүмкіндік береді. Қайроллла Галеев Петропавл қаласы әкімінің орынбасары қызметін 5 жыл бойы атқаруда. Ол қазір облыс орталығын абаттандыру, су тасқынының алдын алу мен тұрғын үй кезегі туралы сауалдарға жауап беруде. Комиссия мүшелері оның жауаптарына риза. Сынақтан сенімді өтушілердің қатарында Қарлығаш Макина да бар.

Қарлығаш Макина – қалалық мәслихат аппаратының жетекшісі:

– Ұжым ішінде жұмыстың алға басуы әр қызметкерге байланысты. Алайда, оларға бағыт-бағдар беріп, тиімді жолды көрсету – жетекшінің міндеті. Сондықтан, аттестаттауға дайындық үстінде мен стратегиялық жобалық құжаттарды қайта оқып шықтым.

Бүгінгі күнге дейін өңірде аттестаттаудан 313 мемлекеттік қызметкер өтті, оның 12-сіне қатысты лауазымын жоғарылату шешімі қабылданған. Сәуірдің 19-на дейін аталмыш сынақты тағы 500-ден аса солтүстікқазақстандық тапсырады деп жоспарлануда.

Эльмира Садуакасова