Денсаулық сақтау

Наурыздың 24-і – Дүниежүзілік туберкулезбен қарсы күрес күні

Мамандар біздегі статистикалық көрсеткіш біршама төмендеді дейді. Десе де оған әлі қуану ертерек. Өйткені, туберкулезге шалдыққандардың 10%-ы қайтыс болады. Басты себеп – тұрғындардың дәрігерлер көмегіне дер кезінде жүгінбей, ауруды асқындырып алуында.

Павел Соболевский – СҚО туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері:

– Соңғы нәтижелерге көз жүгіртсек, өңірімізде созылмалы туберкулезбен ауыратындардың саны 22%-ға азайған. Бұл дерттен көз жұмғандардың да саны төмендеп отыр. Ал, дәрігерлік тексеруден өткенде аурудың анықталуы керісінше 22%-ға артқан.

Ақпан айының соңынан бастап наурыздың 24-іне дейін өңірімізде туберкулезге қарсы күрес айлық жүргізілді. Бұл уақыт аралығында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары солтүстікқазақстандықтарға аталған дертпен қалай күресу керек және індеттің алдын алу жолдарын түсіндірген.

Инна Калимбет – “СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы” ЖШС директорының орынбасары:

– Бұл індеттің алдын алу үшін оның белгілерін білу керек. Туберкулез кезінде адамның дене қызуы апталап түспей, жөтел пайда болады. Кейін ауру асқынуы мүмкін. Сондықтан, оған жол бермес үшін уақытылы дәрігерлер бақылауынан өтіп отырған жөн. Әсіресе, флюрографиялық тексеріске міндетті түрде бару керек.

Бүгінде мамандар өңірде туберкулездің алдын алуы үшін бірқатар шаралар атқаруда. Нәтижесі де жаман емес. Мәселен, науқастардың болмауынан обысымыздың бір ауданында ауданаралық туберкулезге қарсы күрес орталығы жабылған. Ал облыстық диспансерде биыл өкпе ауруына шалдыққандарға арналған жатын орны 55-ке қысқарып отыр.

 

Айгерим Ержанова