Без категории

Жаналықтар арнайы репортаж

Ойын шарты оңай. Бірақ, оны орындау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Сол себепті, бұл сайысқа тек мықтылар ғана қатысуда. Олар 35 келі тартатын мына қойды мойнына асып алып, бірнеше отырып-тұрулары қажет. Ең көп көтергені жеңімпаз атанбақ. Күштерін сынасуға барлығы 11 азамат ниет танытқан. Оның 6-уы Әскери институттың курсанттары екен. Қырғыз ұлтының өкілі Илимбек Мухамбекуулу – аталмыш сындағы ең жас қатысушылардың бірі. Десе де ол ағаларын баса озып, қойды 650 рет көтерген. Әзірге, бұл – ең жоғары көрсеткіш.

Илимбек Мухамбекуулу – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Қырғызстаннан келдім. Қазір әскери институтының 1-ші курсының курсантымын. Бұған дейін жеңіл аттлетикамен айналысқанмын.

Ерлер күш сынасып жатқанда нәзікжандылар мына жақта Наурыз көже әзірлеп әлек. Гүлсім Кариева мерекелік тағамды жыл сайын дайындайды екен. Оның әдісін ол әжесінен үйреніпті. Бүгінгі мейрамға жерлестеріне 7 түрлі дәмнен тұратын астың 7 литрін ұсынған.

Гүлсім Кариева – қала тұрғыны:


–  Наурыз көжені әзірлеу үшін 7 түрлі ас қосылады. Дайын болған соң, мен шамалы құрт қосып, араластырамын.

Ұлыстың Ұлы күнін қалалықтар ерекше сән-салтанатымен думандатуда. Орталық алаңға жағалай киіз үйлер тігіліп, мерекелік дастархан да жайылған. Мұнда келген қонақтар ұлттық тағамдардың түр-түрінен дәм татуда.

Көктем мейрамын асыға күткендердің бірі – Қоспановтар әулеті. Өйткені, бұл мерекеде олардың ұл-қыздарының басы қосылып, отбасылық дастарханда жиылады. Бүгінгі кешке олар немерелері Меруертті де ерте келген. Оған ата-әжесі мейрамның маңыздылығын түсіндіріп, қазақтың салт-дәстүрімен таныстыруда.

Асхат Қоспанов – қала тұрғыны:

– Біз салт-дәстүрлімізді ұстанатын адамдармыз. Сондықтан, жыл сайын Наурызға балаларымыз жиылып, барлығымыз бірге тойлаймыз.

Бұл күні қалалықтарға саятшылық құру жайында да әңгімелер айтылды. Олар тіпті, қоян мен түлкілерді ұстайтын тазы ит мен бүркітті де тамашалады. Бүркітші Байғазы Абсалам Петропавлға арнайы Ақмола облысынан келген.

Байғазы Абсалам – бүркітші, Ақмола облысы:


–  Бүркітшілік адам бойында қайраттылық пен шыдамдылықты қалыптастырады.

Татулықтың, достықтың символына айналған мереке күні барша азаматтар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты.

–  Наурыз құтты болсын. Ақ мол болсын.

– Бүгінгі мереке маған ұнады. Көңіл күйіміз де жақсы.

Мұндай мерекелік іс-шара облыс орталығында бейсенбі күні де жалғасатын болады.

Айгерим Ержанова

***

 

Берік Қасен – тілші:

– Қызылжар ауданында Найрыз мейрамын думандатып тойлауда. Бескөл ауылының тұрғындары орталық алаңға жиналып, күрес, қол күресі және жілік шағудан сынға түсуде.

Білекті жігіттер бір жерге топтасып, орамалды қолдарына мықтап орап алып, жілікті ұрғылап жатыр. Сүйекті шаққандарының қуанышында шек жоқ.

Әріректе жігіттер қойды қайсымыз алар екенбіз деп жарысып жатыр. Сыртына мұз қатқан сырғауылдың үстімен жүріп, біреуі оңбай құлады. Сондағысы бөрененің ортасына жеткендерге сүт беріледі. Ал соңына дейін абайлап барғандары шопан ата төлін иемденбек. Біразы осы жерге жиналып қошқарды кім алар екен деп тағатсыздана күтіп тұрды.

Арғы жақта жігіттердің атой салған дауыстары естіледі. Бәз біреулер “Жамбасқа сал”-деп айқайлап жатыр. Сөйтсек, тепсе темір үзетін балуандар боз кілемде белдесіп жатыр екен. Күрескен 20 шақты жігіттің арасынан суырылып шыққандарына тұрмыстық техника сыйланбақшы. Басқа жерде жасы кішілері алтыбақанда тербелді. Жылқыларға мініп, серуендеді. Таза ауада жүрген соң адамның тәбеті ашылады. Киіз үйдің ішіне кіргендер мол дастарханан дәм татып, көже ішті. Көрші баспанада мекеме ұжымдары және мұғалімдер қазақтың салт-дәстүрін көрсетті. Олар 10 түрлі қалта жасап әкеліпті. Келінге арналған дорбаның ішінен қазан ұстағыш, орамал, табақтың астына қоятын жабдықтарды алып шығып, бойжеткендерге таратты. Мұнысы өзгелерге жұғысты болсын дегені. Мұндай қалталарды сүндет тойға, қалжа, келін той, мерейтой сияқты бірнеше атаулы күндерге арнап жасайды. Бұл мейрамның бір парасы ғана болатын. Тойдың көркі ортасына қарай қыза бастады. Жергілікті мәдениет үйінің ұжымдары театрландырылған қойылым ұсынды.

Наурыздың 22-сі күні табиғат оянып, жер жібиді. Адамдар ескі өкпе-реніштерін ұмытып, жаңа жылға жақсы тілектер тілейді.

– Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын. Елімізде ауызбіршілік болсын. Барша халыққа амандық тілеймін.

– Шүкір халықтың жағдайы түзеліп келе жатыр. Жастарымызға жұмыс пен үй беріп жатыр. Ауылымызда жолдар қалпына келтірілуде.

Жаңару мерекесімен баршасын Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков те құттықтады. Кейін аудан басшысы 4 ауылдық округ әкіміне су жаңа қызметтік көліктердің кілтін табыс етті. Бұл күні тұрғындар мерекеге арналып әзірленген 1,5 метрлік торттан да дәм татты.

Осы күні Бескөл ауылының Оңтүстік шығыс ауданында Наурыз мейрамын айрықша аталып, жанұялар сайысы өтті. 5 жанұяның арасынан Жанатовтар отбасы басты жүлде – қойды меншіктеді. Олар өзгелеріне қарағанда өнерлі, салт-дәстүрден хабары бар екендіктерін байқау барысында дәлелдеді.

Берік Қасен – тілші:

– Наурыз мерекесі Бәйтерек ауылына өзімен бірге қуанышын ала келді. Елді мекендегі орта мектеп жанынан 50 орынға шақталған шағын орталық ашылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымының іске қосылуымен 15 адам жұмыс тапты.

Осы күнді тұрғындар көптен күткен. Бүгінде Бәйтерек ауылында 5 жасқа дейінгі 132 бүлдіршін бар. Кейбіреуі Бескөл ауылындағы балабақшаларға барып жүрген. Міне, тауық жылында жергілікті қазынадан қаражат бөлініп, жобаны жүзеге асырудың сәті түсті.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Балғындар білімді, бәсекеге қабілетті болу үшін оларды ерте жасынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына беру керек. Осы бағытта мемлекет біраз істің басын қайыруда.

Шағын орталықтың ішін жабдықтауға 20 млн теңге жұмсалыпты. Ол қаражат “Балапан” бағдарламасы аясында жергілікті қазынадан бөлінген екен. Қызылжар ауданының әкімі ұжымды көктемнің айшықты мерекесімен құттықтап, орталыққа теледидар сыйлады. Кейін нысанның таспасын қиды.

Меймандарды бүлдіршіндер қарсы алып, үйде жаттаған тақпақтарын айтып берді.

Мұнда 3 пен 5 жас аралығындағы балғындар таңғы сағат 8-ден кешкі 6-ға дейін алаңсыз ойнап, кәсіби мамандардан қажетті тәрбие мен білім алады. Орталықтың ашылуымен 15 адам жұмысмен қамтылып отыр. 4-еуі – тәрбиеші.

Бақытгүл Қапарова – “Аружан” шағын орталығының тәрбиешісі, Қызылжар ауданы:

– Арнаулы орта білімім, 1 жыл еңбек өтілім бар. Балаларға жақсы тәрбие беремін деген сенімдемін.

Білім саласында 40 жылдық еңбек өтілі бар Райхан Сәрсенова бүлдіршіндер мектепке дейінгі білімді алуы қажет деп есептейді. Кейуана шағын орталыққа Даир мен Данелия есімді немерелерін ертіп әкелді. Қатарластарымен бірге ойнап жетілсін, тәртіпке үйренсін дейді.

Райхан Сәрсенова – еңбек ардагері, Қызылжар ауданы:

– Балғындар балабақшаға міндетті түрде баруы керек. Үйдегі тәрбие мен балабақшадағы тәрбие екі түрлі.Мамандардан тәлім алған балғындардың білімі терең болады.

Гүлшахан Мирзакулова осында Мәдина есімді 3 жасар қызын орналастырды. Нәзікжанды күні бойы жұмыстан қолы босамағандықтан, уақытын тиімді өткізсін деп кішкентайын мамандардың қолына тапсырды.

Гүлшахан Мирзакулова – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

 

– Осыған дейін Бескөлдегі “Мирас” балабақшасына барып жүретінбіз. Қазір енді жақсы болды. Шағын орталық үйдің жанында.

Соңғы 1,5 жыл көлемінде Бәйтерек ауылы айтарлықтай ажарланған. Елді мекен тұрғындарының саны 1,5 мыңға жеткен. Мектеп пен шағын орталықтан басқа фельдшерлік-акушерлік пункт те бар.

Берік Қасен