Аптадағы маңызды жаңалықтар

Наурыз мейрамын тойлау шаралары ауқымды болмақ

Олардың дені наурыздың 21- і күні М.Жұмабаев көшесінде бастау алмақ. Онда 11 киіз үйден құралған этноауыл бой көтереді. Тағы Қазақстан Конституциясы көшесі бойында да той думан көркі қызады. Айта кету керек, биыл салтанатты шаралар тек орталық алаңда ғана емес, қаланың шеткері аудандарында да ұйымдастырылмақ.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Биылғы жылы алғашқы рет 21-22 наурызда «Корона» сауда үйінің алдында 3 киіз үйден құралған этноауыл тігіліп, барлық тұрғындарды қарсы алады. Сондай-ақ сауда, спорттық шаралар болады.

Сондай-ақ, биыл Наурыз мейрамын тойлау форматын өзгертіп, оны әр мекеме, тіпті үй аулысанда ерекше өткізу жоспарланған.

Евгений Глотов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Негізгі мерекелік шаралар наурыздың 22-сі күні Қазақстан Конституциясы көшесі бойында өткізілмек. Онда сахналандырылған қойылымдар көрсетіліп, ән жырдан шашу шашылады. Қала домбырашылары «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындайды. Қала тұрғындары мен қонақтарына наурыз көже, бауырсақ, палау әзірленеді. Балаларға арналған танымдық бағдарламалар өткізіледі.

Ұлыстың ұлы күні -Наурыз мейрамын тойлауға биыл қалалық әкімдік 12 киіз үй сатып алған. Оған бюджеттен 27 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Мерекелік шаралар барысында облыстық ассамблея ғимаратының алдында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен “Достық Дастарханы” жайғастырылады.

Гүлбақша Мұсабаева – «Urpaq» қазақ мәдени-ағартушылық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

 


–  Қазіргі кезде орталық алаңға жастарды жинау керек. Сондықтан келіндерді жинап сайыс өткізу жастарға үлгі болмақ. Наурыз мейрамының құндылықтары өте көп. Көп отбасылар наурыз көже пісіреді. Соны дәстүрге айналдыру керек. Сосын орталық алаңға шығайық. Сонда мереке ерекше сезіледі.

Ал қайырымдылық акциялары аясында мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балғындар “Нептун” аквапаркінде, “Киндер лендте”, “Мадагаскар” мен қалалық демалыс және мәдениет саябағында ақысыз дем ала алады. Бұдан бөлек мереке күндері өңірдің тауар өндірушілері азық-түлік өнімдерін көтерме бағамен саудалайды.

Магжан Ахмадина