МТРА жаңалықтары

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ұжымы тұрғындармен Ұлыстың Ұлы күнін тойлады

Гүлжауһар Әсембек – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Университетте наурыз мерекесін тойлауды 7 күн бұрын бастадық. Кеше ұлттық киімдер акциясын өткіздік. Бүгін де шара жақсы өтуде көңіл күйім жақсы. Осы мерекеде барлық реніштер ұмытып, бір-бірімізге жақсылық тілейік.

Мереке қала тұрғындарына арналып жасалған. Сондықтан университет ұжымы келгендерді ұлт пен ұлысына бөліп-жармай, баршасын құшақ жая қарсы алды. Ұлттық киімдерін киіп келген жайдарлы жүзді, сұңғақ бойлы бозбала мен бойжеткендер ортаның сәнін келтіріп жүр. Өңірімізге “Серпін” бағдарламасы бойынша ОҚО-нан оқуға келген азаматтарда ортаға сіңісіп, теріскейлік құрдастарымен жақсы араласады.

Төремұрат Қамалов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Алғаш рет Наурыз мерекесін СҚО-да қарсы алдым. Маған бәрі ұнап жатыр.

Қыстан аман шыққан жамағат қуаныштарын жасырмай, бір-біріне игі тілектер айтып, арқа-жарқа болысуда. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев та жиналғандары ұлық мерекемен құттықтады. Бұдан кейін “Шаңырақ”, “Кривое зеркало” театрлары жиналған жұртшылыққа тақырыптық қойылымдар ұсынды.

Көмейіне бұлбұл ұялағандар құлақтың құрышын қандыратын әсем әндермен шараның шырайын аша түсті. Концертті тамашалаушыларға ыстық бауырсақтар үлестірілді. Қалғандары кезек құрып, үлкен қара қазанға пісірілген дәмі тіл үйірер палаудан және наурыз көжеден ауыз тиді. Жыл бойы ақ мол болсын деп университет ұжымы дастарханға сүтттен жасалған тағамдарды көп қойыпты.

Татар қызы Танзиля Сагитдинова келіншектермен бірге жүгіріп жүр. Нәзік жанды ожаумен қымыз сапырып тостағандарға құйып, меймандарға ұсынуда. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің ұжымы түрлі ұлттың өкілінен құралған екен.

Танзиля Сагитдинова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:

– СҚМУ-нің көп ұлтты ұжымның атынан барша қазақстандықтарды мейірімге толы көктемнің мерекесімен құттықтаймын. Осындай ауызбіршіліктің арқасында еліміз одан әрі гүлденіп, дами берсін!

Қызық-қуанышқа жайылған мерекелік дастарханнан арнайы шақыртылған құрметті меймандар мен еңбек ардагерлері дәм татты.
Қазақ халқы ұлттық тарих, салт-дәстүр және дара тұлғаларына деген құрметті ешқашан жоғалтқан емес. Ұрпақ амандығын ойлайтын аға буын өкілдері елде әрдайым бейбітшілік, тыныштық болсын деп тілейді.

Зарқын Тайшыбайұлы – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:


– Наурыз -жыл басы. Еліміз Жаңа жылға жаңа жетістіктермен келді. Бастысы, іште де, сырта да тыныштық болсын!

Мақшай Ғабдулина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Қазақ филологиясы” кафедрасының доценті:

– Университетте Наурыз мерекесін жыл сайын өткізіп тұрамыз. Дастархан жайып, тұрғындарды қонаққа шақырамыз.

Киіз үйдің маңында жастар әр жерге топтасып бес асық ойнап жатыр.
Ұлттық ойындарды университеттің дене шынықтыру пәні мұғалімі Айдарбек Құдыкенов дәріптеуде. Ол көктемнің шуақты мейрамын көрсету үшін өзімен бірге баласы Қайсаны ертіп әкелген.

Ашық аспан астында тұрғындар спорттың 5 түрі бойынша сайысты. Оңтүстіктің тепсе темір үзетін жігіті Ақжігіт Қонысбай өзгелерімен қол күресінен күш сынастырды.

Ақжігіт Қонысбай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


– Оңтүстіктегі туысқандарыма сәлім айтамын. Туғандарым аман болсын.

Осылайша, тұрғында кешкі сағат 5-ке дейін думандатып ән салып,
бидің көркін қыздырды.

Берік Қасен