МТРА жаңалықтары

Бүгін елімізде “Университетті басқарудағы академиялық адалдық саясаты” атты телекөпір өтті

Ал жекелей өңірлерге тоқталсақ, жүргізілген арнайы сауалнаманың қорытындысы бойынша сұралғандардың 0,4 пайызы сыбайлас жемқорлық СҚО-да бар деп есептейді. Мамандардың айтуынша аталған әлеуметтік дерттің орын алуынан теріскей өңірі ең соңғы орында екен. Бұл өңірде атқарылған бірқатар жұмыстардың арқасында мүмкін болып отыр.

Ғалым Тұрсынбаев – Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң СҚО бойынша департаментiнiң басшысы:


–  “Парасыз болашаққа. Бірге!” акциясын жүргізіп жатырмыз. Бұнда біз арнайы мобильдік топты құрып, аудандарды аралап, жемқорлықтың зиян екендігін түсіндіру шараларын жүргіземіз. Бұл жұмыстың негізгі бір бөлігі ол жастарды тәрбиелеу. Бүгінгі күні облыста 432 мектепте “Адал ұрпақ” клубтарын аштық. Оған 70 мыңға жуық оқушы мүшелік етеді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін елде бірқатар шаруалар атқарылуда. 2019-2025-ші жылдарға бағытталған арнайы стратегия да құрылыпты. Бұл жайында телекөпір барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті. Оның айтуынша бүгінде республикадағы 127 жоғары оқу орындарының он шақтысында бармақ басты көз қыстылық мүлдем жоқ. Көбіне бұндай фактілер жеке білім ордаларында байқалады. Бұл ретте өңірімізде өткен жылдың күзінен бастап университет мен әскери институтта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет атты арнайы пән енгізіліпті.

Гарик Арутюнян – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Оқыту барысына мұндай пәннің енгізілуін өте дұрыс деп есептеймін. Себебі, сенің болашағыңның негізі қазірден басталады. Егер де сен бүгіннен бастап жемқорлыққа төзімсіз болып тәрбиеленсең, келешекте заңның бұзылуына жол бермейсің.

Телекөпір соңында Қазақ Гуманитарлық Заң университетінің студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы флешмоб өткізіп, эстафетаны өзге жоғары оқу орындарына берді. Бұл шара енді жыл соңына дейін жалғаспақ.

 

Риат Шони