МТРА жаңалықтары

Бәйтерек ауылының тұрғындары Наурыз тойын дүркіретіп атап өтті

– Ауылдың қақ ортасына 8 қанат қос киіз үй құрылған. Бала-шаға самаурын жағып, келін-кепшік қазан-ошақтың қамына кірісіп кеткен. Оюлы шапан-камзолдарын киген ақсақалдар мен әжелер төс қағыстырып, жастарға бата беруде. Осылайша Бәйтерек ауылының тұрғындары Ұлыстың Ұлы күні – наурыз мейрамын тойлауды бастап кетті.

Бәйтерек – шетелде қанша жыл ғұмыр кешіп, ата жұртына оралған қазақтар шоғырланған ауыл. Көбі – Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан мен Қырғызстан жерінен келген қандастарымыз. Бәрі де жұмылған жұдырықтай жиылып, ұлттық мейрамды бір адамдай атам өтуде. Бірі киіз үйін берсе, келесілері үйді-үйлерінен тұс киіздері мен құрақ көрпелерін тасып, жер үстелдерін әкеліп құрып Ұлық мейрамды бар сән-салтанатымен тойлауға тырысқан.

– Наурыз мерекесі – үлкен Мейрам. Көп күттік. Ауылда кең көлемде тойлап жатырмыз.

– 60 жыл Ресейде тұрдым. ЕНді, өз елімде Наурызды тойлап жатқұаныма қуанамын.

Күн ұзарып, күлтегіннің көк тасы еритін ұлық мерекені тойлауға ауылдың күллі тұрғыны жиылған. Өнерлілері саханаға шығып, әуелеген әндерін айтты. Үлкен-кіші би-билеп көңіл көтеруде. Солтүстіктің суық желін де елейтін түрлері жоқ.

Жұрт алаңда концерт тамашалап жүргенде, Балқия Қылышбаева немересін бесікке салу дәстүрін ұйымдастырды. Салт бойынша бесікті – нағашы жұрты алып келеді. 60 жастағы Хабиба Әбдірахманова жиеніне жол жоралғысын көтеріп жеткен. Рәсімді орындауға ауыл-үйдің үлгілі ұрпақ өсірген сыйлы әйелдері шақыртылды. Бірінші бесік жабдықтары түгенделіп, бәле жаладан сақтасын деген ырыммен адыраспанмен аластады. Баланы бесікке бөлеудің де оңай емес екеніне көз жеткіздік. Бұл дәстүрге қатысты түрлі ырымдар мен қызықты жоралғылар көп. Үлкендер көпшілктің алдынла мұндай көріністі әдейі жастар білсін деп ұйымдатырып отыр.

Хабиба Әбдірахманова, Бәйтерек ауылының тұрғыны:


–  Баланың жастығының астында пышақ, кітап, тұмар, көз тимесін, қайшыдай өткір болсын дейді. Қалалық жерлерде бесікке баланы көп жатқызбайды. Ал аауылда бұл дәстүр сақталған. Біздің бәйтеректе бесік той жиі болады. Қатысып та жүрміз. Өте қызық дәстүр.

Кейін бөбектің бесігінің үстінен жеті жаға жабылады. Әкесіндей мықты, атасындай – көреген, анасындай ақылды болсын деп жақындарының жеке заттары ілінеді. Кейін, сәбиге бата беріліп жұрт дастархан басына жайғасты.

Салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай ұстанатын бәйтеректіктер Наурыз мейрамына орай ұлттық ойын түрлерін де көрсетті. Қыз-жігіттер қыз қуудың кезегін күтіп жүргенде, кішкентай палуандар күрестің қызығына кіріп кеткен.

Бүгінде Бәйтеректе 1556 жан тұрады. 263 үй – мемлекет жасаған мүмкіндік – “Нұрлы көш” бағдарламасын пайдаланып туған жерге жетіп алған қандастарымызға тиесілі.

 

Ақбөпе Тәңірберген