Спорт

Петропавлда жасөспірімдер арасында баскетболдан облыстық чемпионат жалауын желбіретті

Владимир Белоног – жарыстың бас төрешісі:


–  Жалпы бұл жарысқа кей аудандар белгісіз себептерге байланысты келе алмады. Негізі аталған спорт түрі аудандардың көбінде жақсы дамыған. Осы чемпионатта біз командаларды саралап, өңір намысын республикалық жарыста қорғайтын құрама жасақтаймыз.

Шымылдық ашарда Мамлют ауданы мен Шал ақын ауданының командалары кездесті. Қызыл жейде киген жас баскетболшылар “ә” дегеннен шабуылға көшті. Қарсыластарының еркін қимылдауына жол бермей, екі ұпайлық доптарды сақинаға дәл түсіруде. Шал ақындық спортшылар тырысып баққанымен олар тек 10 бал ғана жинай алды. Ал 35 ұпаймен алға шыққан Мамалют ауданының командасы жеңіске жетті.

Әлішер Мажитов – Мамлют ауданы командасының ойыншысы:


–  Кездесу қиын өтті. Қарсыласымыз осал емес. Бірақ, білгенімізден жаңылмай, дұрыс тактика қолдана білдік. Ұйымшылдықтың арқасында жеңіске жеттік.

Жарыс үш күнге жалғаспақ. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль және де грамоталармен марапатталады.

 

Риат Шони