Спорт

Петропавлда мектеп оқушылары арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті

Ендігі кезек, ұлттық ойын түрлерінде. Қазір мына жерде 40-тан аса оқушы тоғызқұмалақтан бақ сынауда. Қаз-қатар тізілген ойы жүйрік ұл-қыздардың арасында Ақниет Булат та бар. Жеткіншек математика пәнін жаны сүйеді. Сондықтан, оған әр жүрісін алдын ала оңай есептеу еш қиындық тудырмайды екен. Осы қасиетінің арқасында балғын түрлі жарыстарда жеңімпаз атаныпты.

Ақниет Булат – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы:

–  Маған тоғызқұмалақ ойыны ұнайды. Жарысқа жақсы дайындалып келдім.

Ал, осы сәтте спорт залдың келесі жағында сақаларын сайлаған ұл-қыздар асық атудан сайысқа түсіп жатты.
Бастапқыда жас балалардың қимылдары ширақ болғанмен, мергендіктері ақсап жатты. 4 метрден көздеген асықтары, діттеген жерге жетпей далаға ұшты. Дегенмен, бұл топтың арасынан Аңсар Әйіптің өнері көз сүйсіндіреді. Замандастарынан оқ бойы оза шапқан өрен өз мықтылығын дәлелдеді.

Аңсар Әйіп – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 2-сынып оқушысы:

–  Асық атқанда сәл еңкею керек. Сонда ғана көздеп, ұпай алуға болады.

Жалпы, ұлттық ойын түрлерінен ұйымдастырылған жарыс Наурыз мерекесіне арналған. Оған қаламыздың 30 мектебінен 70-ке жуық оқушы қатысуға ниет білдіріпті.

Абылайхан Қайроллаев – СҚО Жастар мәслихатының төрағасы:

– Біз ұлттық ойындарды жастарға үйрету міндеміз. Осы дәстүрді әлі жалғастырамыз.

Жарыс соңында жүзден жүйрік атанған жеңімпаздар да белгілі болды. Оларға мақтау қағаздары мен түрлі бағалы сыйлықтар табысталды.

Култанов Байболат