Мәдениет

Облыс орталығында “Қош келдің, әз Наурыз” республикалық ақындар додасы өтті

Айтыс шымылдығын алғаш болып ашқан жұп – Тараз қаласынан келген ақын Аруна Керімбек пен қарағандылық Мақсат Аханов. Айтыстың алдаспаны Жүрсін Ерманнан тәлім алған олар бір-біріне дес берер емес. Көрерменнің көңілін көтергісі келген қос ақын да айтысты бір-бірімен қалжыңдасудан бастады.

Кейін сөз зергерлері өзекті тақырыпқа да бет бұрып, өз тілін білмейтін қазақтарды да сынап алды.

Аруна Керімбек – жастар арасындағы республикалық айтыстардың жеңімпазы:

– Қарсыласым бұрыннан сахнаға төселіп қалған, Жүрсіннің жүйріктерінің қатарына енген Мақсат Аханов. Өте мықты айтыскерлердің бірі. Бұрыннан бері осы кісімен айтысқым келіп жүр еді. Айтыс жақсы болды.

Соңғы 15 жылда болмаған суырып салма ақындар сайысына екі шекті домбырасын құшақтаған 12 айтыскер жиылды. Олар – өздерін республикалық және халықаралық деңгейде көрсете білген мықтылар. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы арқау болған дүбірлі додада сөз шеберлерінің өнеріне қазылар алқасы мен көрермендер де дән риза.

Алмас Темірбай – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

 

– Қызылжар өңірінде үлкен дода. Бұндай айтыс соңғы 15 жылда болмаған. Қазақтың қанында да , жанында да айтысқа ел көп келіп жатыр. Айтысты сағынғанына көрініп-ақ тұр.

Суырып салма сөз сайысының жеңімпаздары грамота және ақшалай сыйақымен марапатталмақ. Бұдан бөлек, Тұрсынбек Кәкішов атындағы “Ер Жәнібек” халықаралық қоғамдық қоры мен Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлделер де бар.

Эльмира Садуакасова