Спорт

Облыс орталығында мектеп мұғалімдері арасында волейбол жарысы өтті

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Биолог, химик пен филологтар. Шаршы алаңда олардың мамандықтарына мән берілмейді. Ең бастысы – спорттық дайындық. Мектеп мұғалімдері бүгін өздерін жаңа қырынан көрсетуде.

Салауатты өмір салтын басты назарда ұстайтын мұғалімдер үшін аталмыш жарыс осымен 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрге айналған іс-шараға облыстан 7 білім ошағының оқытушылары қатысуда.

Жандос Исин – ұйымдастырушы:


– Жыл сайынғы дәстүрге сай, мектеп мұғалімдері арасында волейболдан жарысты ұйымдастырып отырмыз. Негізгі мақсатымыз – мұғалімдерде салауатты өмір салтын қалыптастыру. Оқушыларға білім бергендіктен, олардың бұл бастамасы шәкірттеріне үлгі болмақ.

Тартысты дода басталып кетті. Шаршы алаңда Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп пен Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия. Есепті соңғылары ашты.

Жан Жакубаев – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Жарысқа келген ойыншылардың дайындықтары өте жақсы. Қарсыластарымызды жоғары бағалаймыз. Өзіміз де жүлделі орыннан көрінеміз деген үміттеміз. Бәріне сәттілік тілеймін

Екі құрама да осал емес, дайындықтары жоғары. Волейбол командаларының сапында дене шынықтыру мұғалімдерімен қатар өзге пән оқытушылары да бар.

Әсемгүл Сыздықова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың физика пәні мұғалімі:


–  Мен осындай жарыстарға әрдайым қатысамын. Мектеп өмірі барысында ғылыми сала мен спортты қатар алып жүруге тырысамын.

Дүбірлі доданың нәтижесі бойынша жарыс жеңімпаздары кубок және грамоталармен марапатталмақ.

 

Эльмира Сәдуақасова