Қоғам

Петропавлда “Менің үйлену тойым» атты көрме өтті

«Алтын Орда» мейрамханасында бүгін ерекше қарбалас. Бұл жерде тойдың сәнін келтіріп, көрерменді таң қалдырудан жалықпайтын кәсіби мамандардың бәрі жүр. Жұртшылықтың назары – әсіресе, фотографтарда. Олар білікті жандардың қайталанбас суреттерін қызыға қарап, қызмет құнымен танысуға асық. Ал, мына бұрышта визажист қыздар жұмысқа білек сыбана кіріскен. Шеберлер бойжеткендердің беттерін әрлеп, түрлі шаш үлгілерін жасауда. Айта кетейік, мұндай көрме Петропавлда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Закиржан Мамлютов – «Iegenda» Event-агенттігінің директоры, «Менің үйлену тойым» көрмесінің ұйымдастырушысы:

– Бүгінгі көрмеде 50-ден аса маман тұрғындарға түрлі қызмет түрін ұсынады. Олардың бәрін өз істерінің шебері десе болады. Той иелері мерекелерін біраз уақыт естен шықпайтындай етіп өткізуді қалайтыны белгілі. Бұл жерден олар өздеріне керектінің бәрін таба алады.

Тойдың сәні – асаба! Сөзге шебер, әзілі ұтымды бұл жандар қонақтардың көңілін көтеру үшін қызмет етеді. Бүгінгі кеште жұртшылық көкшетаулық Асылбек Кенжебаев есімді жас жігіттің өнеріне тәнті болды. Ол қазақы дәстүрге сай етіп беташар рәсімін өткізді.

Шара барысында жиналған қауым басқа да асабалардың мүмкіндіктерін байқап көрді.

Дидар Түркен – «Менің үйлену тойым» көрмесіне қатысушы, асаба:

– Өзім 1 жарым жылдан бері асабамын. Өнеріммен жұртшылықты тәнті қылып жүрген жайымыз бар.

Ал, Қағира Дәуенова есімді шебер көрмеге өзінің қолөнер жұмыстарын әкеліпті. Ұлттық нақышта тігілген қыз жасауы кез келген бойжеткенді қызықтырады. Және олардың бағалары да аса қалта қақпайды. Мәселен, киіз қалталар – 2 жарым, қоржын – 6, оюмен өрнектелген көрпешелер 7 мың теңге тұрады.

Қағира Дәуенова – шебер:

– Қыз жасауы бір түсті болуы керек. Ұлттық ою түрлерімен өрнектелген жөн.

Мейрамханада Әлібек пен Зарина есімді жастар да жүр. Олар жаз айында шаңырақ көтеруді жоспарлап қойыпты. Болашақ жұбайлар бүгінгі кештен тойды тамаша өткізетін өнер иелерін кездестірсек дейді.

Зарина Дюсенбина:

– Бұл жерде жақсы қызмет түрлері жетерлік. Бізге мықты асаба қажет.

Тағы, кеште жергілікті және Астана, сонымен қатар ресейдің Мәскеу, Омбы, Новосібір қалаларынан келген жандар өнер көрсетті. Олардың бірі акробатикалық би билесе, енді бірі жұртшылықты ду күлдірді. Ал, шара соңында 20 жұп арасында Инстаграмм желісінде өткізілген байқаудың жеңімпаздары белгілі болды. 1-ші атанғандар той алдындағы тегін видеотүсірілім, 2-ші орын иегерлері көшпелі неке қию рәсімін өткізу мүмкіндігіне ие болды. Ал, 3-ші орын иегерлеріне “Арай” ансамблінің мүшелері тойда тегін өнер көрсететін болады.

 

Култанов Байболат