МТРА жаңалықтары

Петропавлда газ бағасы да қымбаттамақ

Дмитрий Суворов – «Горгаз-сервис» ЖШС директорының орынбасары:

– Бағаның өсуіне негізгі себеп – ол біз сатып алатын зауыттардағы газ құнының өсуі. Өйткені оларда көгілдір отын құны 2 есеге өсті. Бізде негізгі екі газ жеткізуші компания бар. Ол «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «Тенгизшевройл» серіктестігі. Алғашқылары мемлекеттік реттеуге кіреді. Сондықтан олар беретін көгілдір отын көлемін министрлік реттейді. Ал қысқы уақытта теріскейдің климаттық жағдайына байланысты біз пропанды қолданамыз. Оны «Тенгизшевройл» кәсіпорынынан аламыз. Оларға баға реттелмейді. Сол себепті бізге олардан газды нарықтағы құнымен сатып алуға тура келеді.

Қазіргі таңда серіктестікте 150-ден астам адам жұмыс істейді екен. Биылғы жылы еңбеккерлердің жалақысын көтеру де жоспарланған. Ол да бағаның өсуіне негіз болса керек. Тағы өткен жылы кәсіпорын шығынға батқан көрінеді. Оның көлемі – 43 млн теңгеге жуық. Осының барлығын реттеу және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін монополистер өтінім жасаған. Егер ол толық көлемде мақұлданса, онда тұрғындар сәуір айынан бастап тұтынған көгілдір отын үшін бұрынғы бағадан 128 теңгеге қымбатырақ төлеуі тиіс. Қоғамдық тыңдауға қатысқан петропавлдықтар мұнымен келіспек емес. Олар газ құнын 30 пайызға көтеру тым көп болады деп отыр. Ал Николай Завьялов тарифті өсіру жобасымен мүлдем келіспейді.

Николай Завьялов – қала тұрғыны:

– Тариф жобасында байланыс, банк және коммуналдық қызметтер бағасы газ құнын өсіруге кіреді деп көрсетілген. Тағы сіздерде қызметтік көліктерге арналған жанармай мен өзге қызмет түрлері деген пунктер бар. Бұл недеген сұмдық. Сонда сіздер тарифтерді қызметтік көліктерге бензин құю үшін көтересіздер ме. Монополист болған соң ол шығындар тұтынушылардың мойынына жатпауы тиіс.

Жиында монополист компания өкілдеріне сауалдар көп түсті. Оның басым бөлігіне өкінішке орай, жауап та табылмады. Десе де, соңғы сөз СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті қызметкерлерінде. Олар алдағы уақытта өтінішті қарастырып, шешімді ай соңында шығармақ. Ал жалпы бүгіндері кәсіпорын 55 мыңнан астам петропавлдыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы олар 1 млн 300 текше метр газды тұтынушыларға жеткізіпті.

 

Магжан Ахмадина