Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл 2-ші ЖЭО өндіріс қуаттылығы артты

Виктор Бармин – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Петропавл 2-ЖЭО директоры:

– 2009-шы жылдан бастап біз 6-шы, 7-ші, 8-ші және де 12-ші қазандықтарды жаңасына ауыстырдық. Енді бу қуаттылығы сағатына 420 тоннаға дейін артты. Сонымен қатар 3 турбина алмастырылды. Нәтижесінде электр қуаттылығы 380-нен 541 м/Вт-қа артты.

Бұл жұмыстардың арқасында қондырғылардың істен шығуы да азайған. Егерде 2009-шы жылы 89 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 59-ға жеткен.

Виктор Бармин – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Петропавл 2-ЖЭО директоры:

– Сондай-ақ, біз отын жеткізуде де бірқатар істер атқардық. Онда кей қондырғыларды өткен жылдары ауыстырдық. Ал негізгі жаңғыртуды биыл жоспарлап отырмыз. Ол үш жылға дейін жалғаспақ. Нәтижесінде 2020-шы жылға қарай бізде жылу беру қуаттылығы 500-ден 540 м/Вт-қа дейін артады.

Бүгінде Петропавл 2-ЖЭО 12 қазандық пен 7 турбина бар. Жаңғырту жұмыстары кезінде 1-ші, 4-ші және де 5-ші бу турбиналарының басқару қалқандары цех ішінен бөлек бөлмеге шығарылыпты. Оның өзіндік тиімділігі бар дейді мамандар.

Максим Бунин – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Петропавл 2-ЖЭО бу турбинасының машинисті:

– Бұл өте ыңғайлы. Цех ішіндегідей шу жоқ. Барлығы автоматтандырылған. Яғни, цех ішінде жүрген машинистер нені істесе, біз оны компьютердің көмегімен жасаймыз. Олар ысырманы қолмен бұраса, мен тышқанмен жабамын. Алдымдағы мониторлардан қысым, температураны көре аламын.

Жалпы Петропавл 2-ЖЭО жаңғырту жұмыстарының келесі кезеңі 2025-ші жылға дейін жоспарланған. Бұнда атқарылған істердің арқасында энергия үнемділіп, экологияға келтірілетін залал азаймақ.

 

Риат Шони