МТРА жаңалықтары

Өңірде “Парасыз болашаққа. Бірге!” акциясы жүргізілуде

Ғалым Тұрсынбаев – Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң СҚО бойынша департаментiнiң басшысы:

– Бүгінде елімізде «Есіктен есікке» атты жемқорлыққа қарсы республикалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба аясында мамандар қоғамдық орындарда ақпараттық қағаздар таратып, азаматтарды парақорлыққа бармауға шақырады. Мәселен, ағымдағы айда біз облысымызда 9 мыңға жуық буклет таратуды көздеп отырмыз.

Аталған бағдарламаны іске асыру үшін әр аймақта арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірген. Дәл қазір олар облыс орталығындағы бірнеше кәсіпорынды араламақ. Алғашқы аялдама – «Қызылжар Су» серіктесті. Мұнда қызметкерлерге бармақ бастылыққа жол берген азаматтар жайлы бейнеролик көрсетіліп, өңірдегі жемқорлық жағдайының деңгейі таныстырылды. Мәселен, жыл басынан тиісті ведомства өкілдері облысымызда 26 қылмысты анықтаған. Оның 15-і жемқорлыққа қатысты.

Светлана Зайцева – Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң СҚО бойынша департаментiнiң инспекторы:

– Екі ай ішінде облысымызда пара алу бойынша 10 факті тіркелді. Сонымен қатар, өз қызметін асыра пайдаланған 3 азамат анықталды. Бұдан бөлек, алаяқтыққа жол берген тағы бір солтүстікқазақстандық ұсталды.

2016-шы жылғы статистикалық көрсеткішке сай, елімізде жемқорлықтың дені ІІМ-нде орын алады екен. Былтыр оның саны республика бойынша 200-ден асқан. Еске сала кетейік, пара алған қазақстандықтар еліміздің Қылмыстық Кодексіне сәйкес, 15 жылға дейін темір торға қамалып, өмір бойына мемлекеттік қызметтен аластатылады.

 

Айгерим Ержанова