МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында “Наурыз достардың басын қосады” атты кітапхана түні өтті

Кейін мерекелік іс-шара кітапхананың бөлмелерінде өз жалғасын тапты. Келушілердің әрқайсысы өз жанына жақын бағытты таңдау мүмкіндігіне ие болуда. Мәселен, өнер сүйер қауым “Мәдени мұра” орталығына аттанды. Ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар ұлттық дастарханнан дәм татып, әншілердің өнерін тамашалауда.

Ал кішкентайлар қызыл кілемге жайғасып, ұлттық ойындарды ойнауда. Сондай-ақ, үлкендер “Естен кетпес сол жылдар ретро алаңына аттанып, өз заманының әндеріне қанық болды. Ал жастар жағы болса, “Сиқырлы наурыз” бөлмесіне барып, сәуегейге бал аштыруға асық.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бұл жерге кіру үшін адамдар кезекке тұруда. Олардың қатарында мен де бармын. Себебі бұл есіктің артынан өз болашағыңды білуге болады.

Балгердің болжамын тыңдаған жерлестеріміз мерекеде құт келеді екен деп қуанып жатты. Ал әлем әдебиеті залы болса лық толы. Кішкентай оқырмандар үшін робототехника мен интеллектуалды викторина ұйымдастырылыпты. Кейін ағылшын тілінде жастар арасында “Наурыз” мерекесі мен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі жайлы дискуссия өткізілді. Өткен жылы Кітапхана түніне 1600 адам келіпті.

Ләззат Жолаушинова – С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың бас кітапханашысы:

– Бұл іс-шараны осымен 2-ші рет өткізіп отырмыз. Алғаш рет 2015ші жылдың соңында ұйымдастырдық. Сол уақытта резонанс тудырғандықтан, осы жылы тағы өткізуді жөн көрдік.

Сондай-ақ, шара барысында республикалық “Үздік оқырман – 2016” байқауының жеңімпазы марапатталды. Ол 62 жасар солтүстікқазақстандық. Анатолий Наргеленас әлемдік классиктердің туындыларын оқуға құмартқандардың қатарында. Қария әдебиетке жастайынан жақын, жұмасына 3-4 кітап оқиды екен. Ал облыстық кітапханаға жазылу үшін келген күні қарияның әлі есінде.

Анатолий Наргеленас – “Үздік оқырман – 2016” республикалық байқауының жеңімпазы:

– Анам мені осы кітапханаға алғаш рет ертіп келгенде 15 жастамын. Ол кезде жасөспірімдерге кітап беру үшін, ата-анасы қолхат жазуы тиіс еді. Егер кітапты жоғалтып алсам, оның құнын 10-есе қылып қайтару керек. Арада 50 жылдай уақыт өтті. Алайда, мен бұл кітапханадан мүлде ажырамадым.

Ғаламтор жайлаған заманда кітап оқу сиреп кетті дегенді кітапхана қызметкерлері жоққа шығаруда. Бүгінде облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 26 мың оқырманы бар.

Эльмира Сәдуақасова:

– Сағат кешкі жеті. Әдетте кітапхана жұмысы аяқталатын уақыт. Алайда бұл жолы келушілердің қарасы қалың. Себебі, бүгін көптен күткен кітапхана түні.

Араға 1 жыл салып, бұл шара қала тұрғындары үшін қайта оралды. Оқырмандар түні бойы музыкалық композицияларды тыңдап, би мектебінің шеберлік сыныбына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Фархат Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының режиссері:

– Бұл Наурыздың ерекше тойлауы болып жатыр. Оған өзім де қатысып отырғаныма қуаныштымын.

Мағжан Хормат – Назабаев Зияткерлік мектебінің студенті:

– Іс-шара өте жақсы өтуде. Осындай мерекелер көп болсын.

Кітапханаға жаңа рең берген іс-шара түнгі сағат 12:00-ге дейін жалғасты.

Эльмира Садуакасова