Өнеркәсіп

2016 жылы “Блок” ЖШС 630 млн теңгенің өнімін шығарды

Павел Сахаров – “Блок” ЖШС жетекші маманы:

– “Блок” серіктестігі шығаратын өнімнің сапасы жоғары. Қазақстан және Ресей кәсіпорындарынан сұраныс көп түседі. Әсіресе, Қазақмыс, BAIGROUP сынды алпауыт компаниялар мен жүздеген құрылыс және өндірістік мекемелер тұрақты тұтынушыларымызға айналған. Олар тауарымызды ешбір делдалдарсыз тікелей сатып ала алады.

Өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындары барлығы 192 млрд теңгенің өнімін шығарыпты.

Жеңіс Асанов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 66 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Әдеттегідей тағам және машина жасау саласында көп өнім шығарылады. Сүт өңдеу көлемі 22 пайызға, сұйық май – 9, нан өнімдері -4 пайызға өсті.

Мамандардың айтуларына қарағанда былтыр машина жасау зауыттарының да тапсырыстары 2,5 пайызға артып, 22 млрд теңгеге жетті. Әсіресе, темір жол кешені мен мұнай-газ салаларында келісім-шарт көп жасалыпты. Үстіміздегі жылы аймағымызда құны 13,5 млрд теңге болатын 8 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Арасында ең ірі дегендері қант, саңырауқұлақ, кірпіш және кондитер өндірістері бар. Жобалар сәтімен іске қосылса 540 адам тұрақты жұмысқа орналасады.


Берік Қасен