Спорт

СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатына 20 жыл толды

Жамбыл Тасеменов – ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері, СҚО құрметті азаматы:

– Бастапқыда қиындықтар көп болды. Жаттықтырушылар, жаттығатын орындар мен спорттық жабдықтар жетіспеді. Мен басшылық еткен жылдары велосипед спорты дамыды.

Өңірімізді жас мамандары еңбек жолын осы мекемеден бастап, спортшылармен бірге шеберліктерін шыңдады. Дене шынықтыру және спорт басқармасының қазіргі басшысы Руслан Есеналин де интернатта жаттықтырушы болған екен.

Руслан Есеналин – CҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Осы мектептің түлектері, әлем чепиондары Алексей Луценко мен Мирас Бірімжанов ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағын алды. Әр жылдары осы мекемеден халықарлық дәрежедегі спортшылар түлеп ұшты. Жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева, конькимен жүгіруші Дмитрий Барутов, Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Елена Урванцева, Татьяна Сокирка, велошабандоздар Руслан Тілеубаев, Александр Шушемойн сынды елге есімі белгілі маңдайдалды азаматтарымыз осында тәбиеленді.

Ондаған жылдар бойы ұрпақ тәрбиесіне атсалысып жүрген тәрбиеші, бапкерлер мен ұстаздар басқарма басшысының қолынан Құрмет грамотасын алды. Ерекше марапатқа ие болған Айгерім Базылова еркін күрес бөлімінде 10 жылдан артық тәрбиеші болып жұмыс істеп келеді.

Айгерім Базылова – СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиешісі:

– Еңбегімді елеп жатқанына қуаныштымын. Келешек ұрпаққа жақсы тәрбие беруге атсалысамын. Мектеп ұжымын мерейтоймен құттықтаймын. Барлығының денсаулығы мықты болсын!

Салтанатты жиында мектеп-интернат ұжымын түлектері де келіп құттықтады.
Назгүл Маратова – бүгінде ел беделін әлем аренасында көтеріп жүрген қыздарымыздың бірі.

Назгүл Маратова – мектеп-интернаттың түлегі, дзюдодан ҚР-ның спорт шебері:

– Осы интернатта оқып жүргенімде көптеген әлемдік, халықаралық жарыстарға қатыстым. Бапкерлерім үлкен қолдау көрсетті. Барлығына алғысымды айтамын. Биыл 28-ші бүкіләлемддік қысқы универсиада алау тұғырын ұстап, оны Алматыға жеткізу мүмкіндігі берілді. Осы айшықты сәт менің есімде мәңгі сақталып қалмақ.

Бүгінде білім ошағында 280 оқушы тәрбеленуде. Солардың бірі Станислав Рыльскийдің болашағынан бапкерлер үлкен үміт күтеді екен.

Станислав Рыльский – СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы, грек-рим күресінен Азия чемпионы:

– Осы мектепке кішкентай кезімде әкем алып келді. Интернатта оқып жүргеніме биыл 5 жыл болды. Оқу мен спортты қатар алып жүру маған аса қиын емес. Күніне 2 рет жаттығуға уақыт бөлеміз. Қазір 11-сыныпта оқимын. Осы жолды таңдағаныма өкінбеймін. Болашақта бапкерлерімнің сенімін ақтауға тырысып бағамын.

Жалпы 20 жылдың ішінде 800 түлек осы білім ұясынан қанат қағыпты. Қазір алдыңғы толқын ел игілігі жорлында қызмет етіп, болашақ әлем чемпиондарын жаттықтырып жүр.

Берік Қасен