МТРА жаңалықтары

Петропавлда электр қуаты үшін 500 мың теңге берешегі бар 7 отбасы пәтерінен айырылуы мүмкін

Рүстем Рамазанов – “Севказэнергосбыт” ЖШС энергия өтімі басқармасының басшысы:

– Компания қаржылық қиындықтарға тап болған тұлғалардың жағдайына түсіністікпен қарайды. Жұмысынан айрылған, тұрақты табысы жоқ, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін қарызды өтеу мерзімін кейінге шегереміз. Көп жағдайда дебиторлық берешегі барлар электр желілеріне өздігінен қосылып алып, көршілерінің тоғын ұрлайды. Осыған байланысты біз СҚ электр желілік тарату компаниясымен бірлескен рейдттер өткізіп, олардың пәтерлерін желілерден ажыртып тастаймыз.

Биыл сот шешімімен 7 пәтер тұрғындардан тәркіленуі мүмкін. “Севказэнергосбыт” алдындағы берешектері 500 мың теңгеден асып кеткен. Дебиторлық қарызын 10 жылдан артық төлемеген олардың істерін қазір сот қарап жатыр. Өткен жылы да бір петропавлдық осыған ұқсас жағдайға тап болған. Ол сот шешімі шығарылғанға дейін ақша тауып, баспанасын сақтап қалды. Ал электр қуатына 250 мың теңге қарызы барлардан сот шешімімен көлік алынады. Былтыр борышкерлерден 10, биыл 1 темір тұлпар тәркіленіпті. Бұл жеке сот орындаушыларымен бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесі.

Мақсат Бисекеев – жеке сот орындаушысының көмекшісі, Петропавл қаласы:

– Қазір “Севказэнергосбыт” серіктестігіне берешек 700 ісі жеке сот орындаушыларында жатыр. Егер олар қарыздарын ақшалай қайтара алмаса, біз басқаша әдіс қолданамыз. Тұрмыстық техникаларын, бағалы бұйымдары мен мүліктерін тәркілеп, оны сатылымға қоямыз. Артылған қаражатын мүлік иелеріне қайтарып береміз.

Бүгінде тұрғындар “Севказэнергосбыт” серіктестігіне 400 млн теңге қарыз.
Оларға қатысты материалдар сотқа жолданған. Егер берешек 20 күн ішінде
өтелмесе, сот ұйғарымымен мүліктері тәркіленіп, ел аумағынан шығуға тыйым салынады.

Берік Қасен