Қоғам

Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр

Олег Гусев – қала тұрғыны:

– Қарды үнемі ауладан шығарып отырамыз. Тек енді көшеге үйілген ақ ұлпаны техникамен келіп алып кетсе екен. Өйтпеген жағдайда ол еріп ертең үйге кіреді. Жалпы төтенше жағдайлар қызметкерлері осындай шаралар өткізгені жақсы. Ертең су кірсе, абдырап қалмай тезірек әрекет ететін боламыз.

Бензострой ауданында бірнеше рет рейдтік шаралар жүргізген төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындар қар тазалау жұмыстарына салғырт қарайды дейді. Көпке топырақ шашпайық. Десе де, үйлердің аулаларынан қыс бойы бірде бір рет қар шығармағандар да бар. Сондықтан қызметкерлер сақтықта қорлық жоқ екендігін ұмытпаған абзал екендігін еске салуда.

Жадырасын Ильяшов – Петропавл қалалық ТЖБ инженер-тәлімгері:

– Заречный, Бензастрой аудандары мен Жұмысшы кенттерінде су тасқынының алдын алу іс шаралары жүргізілуде. Нұсқамалар таратуда. Су тасқыны кезінде 112 нөміріне хабарласып, керек құжаттарды су өткізбейтін пакеттерге салып, көшелердегі барлық қарларды аула сыртына шығарып, көмектесіңіздер.

Екі оқпен бір қоянды атқан төтенше жағдайлар қызметерлері тұрғындарды өрт қауіпсіздігі жайында да ескертуде. Өйткені жыл басталғалы өңірде қызыл жалын 52 рет шарпыған. Салдарынан 4 адам қаза тауыпты. Ал өрт оқиғаларының 80 пайызы нақ осы жеке секторда орын алады екен.

 

Магжан Ахмадина