Білім

Биыл Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде 7 түрлі мамандық ашылады

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:

– Облысымызда жол құрылысы жұмыстары қарқын алып келеді әрі мамандарға сұраныс жоғары. Бірақ, әлі күнге дейін бірде-бір колледж жол құрылысшысын даярламайды. Мен осыны ескеріп, колледжден кабинет ашуды жөн санадым. Жақында оған лицензия аламыз. Енді кабинеттерді жабдықтап, оқу-әдістемелік құралдарды жинақтауымыз керек. Сырттан білікті оқытушыларды шақыртамыз. Осы мамандыққа аудан жастарын көбірек тарту қажет.

Бұдан өзге Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде 6 бірдей жұмысшы мамандығы ашылады. Бульдозер, автогрейдер, компрессор сынды ауыр техникалардың жүргізушілеріне талапкерлерді тоғызыншы сыныптан кейін қабылдайды. Олар да тегін білім алып, шәкіртақы алып тұрмақ. Колледж студенттері теориялық білімдерін кәсіпорындарға барып, тәжірибе жүзінде бекітеді. Осы күні жол құрылысымен айналысатын 10 кәсіпорын білім ошағымен әріптестік орнатыпты.

Василий Айдаков – “КоммунСтрой-Сервис” ЖШС директоры:

– Біздің компанияға келетін көп азаматтар бульдозер, автогрейдерлерді басқара алмайды. Біз оларды бірнеше жыл өзіміз үйретеміз. Биыл енді жаңа мамандық ашылса, техниклық білімі бар мамандар тапшылығы азаяр деген сенімдемін. Жол құрылысшылары жалақы жағынан қиналмайды. Біз оларды жыл 12 ай жұмыспен қамтуға әзірміз. Жазда жол жөндейміз, қыста қар тазалаймыз.

Осы күні жол құрылысы саласына да жаңа техникалар мен технологиялар енгізілуде. Сәйкесінше, мекемелерде жұмыс істеп жүрген мамандар осы колледж қабырғасында қысқа мерзімдік курстардан өтіп, біліктіліктіліктерін арттыруға да мүмкіндік алады.


Берік Қасен