МТРА жаңалықтары

Биыл өңір кәсіпкерлеріне 1,1 млрд теңгенің көмегі көрсетілмек

Уәлихан Ибраев – жеке кәсіпкер:

– Бұл идеям мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Яғни, әлеуметтік бағдарлама. Қазір жобамның 60-70%-ы дайын. Бұйырса, жазда іске қосуды жоспарлап отырмын. Ол үшін маған шамалы ақша жетіспей тұр. Сол себепті, мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгіндім. Берілген сомаға қажетті құрал-жабдықтар алуды көздеп отырмын.

Бүгінде елімізде өз кәсібін ашқысы келетін жандарға мемлекеттік жобалар демеу болуда. Әсіресе, өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қарқын алған. Мәселен, былтырғы жылы облысымызда 300-ден астам кәсіпкерге 1,5 млрд теңгенің көмегі көрсетіліпті.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Қазір біздің облысымыз республикада субсидиялау бойынша көш бастап тұр. Яғни, кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстары өңірде нәтижелі жүргізілуде. Мәселен, қазір ауылдық және қала кәсіпкерлерінің үлестері тең. Бұрындары субсидияның көмегіне дені шаһар тұрғындары жүгінсе, былтыр олардың саны ауылдықтармен теңесті. Қазір 50-де 50 болып отыр.

Ағымдағы жылы өңір кәсіпкерлеріне қолдау көрсету үшін республика қазынасынан 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Және облыс бюджетінен биыл қосымша 540 млн теңге қарастырылып отыр.

 

Айгерим Ержанова