МТРА жаңалықтары

Жерлес жазушы Ғ.Мүсіреповтің туғанына – 115 жыл

Адия Еркін – Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Өзіме қазақ тілі мен әдебиет пәні ұнайды. Өлең де жазамын. Қазір 20 шақты өлеңім бар. М.Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевқа арау да шығарғанмын. Болашақта Ғ.Мүсіреповке де тарту жазсам ба деймін.

Қазір Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын жастар ден сала оқуда. Әсіресе, оның романдарына деген қызығушылық зор. Оқушылардың көбі жазушының «Ұлпан» туындысын жақсы көреді екен.

Биыл Ғ.Мүсіреповтің туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай, облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында жерлесімізге арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Мұнда жас ұрпақпен жүздесуге жазушының көзін көрген немере келіні Бекен Сералина да келді. Қазір апамыздың жасы 80-нен асқан. Бірақ, ол көркем сөздің майталманы Ғабит Мүсіреповпен алғашқы кездесуін әлі ұмытқан емес.

Бекен Сералина – Ғ.Мүсіреповтің немере келіні:

– Мүсіреповтерге мен 1957 жылы келін болып түстім. Сол кезде Ғ.Мүсіреповпен таныстым. Көбі ол кісіні қатал деп айтатұғын. Бірақ, ол өте мейірімді, ақкөңіл болатын.

Сонымен қатар, бұл кеште оқушылар классик жазушы жайлы қызықты ақпараттармен де қанықты. Мәселен, Ғабит Махмұтұлы өз кітаптарын тек қана араб тілінде қарындашпен жазғанын және ол күн сайын әр түрлі костюм-шалбар кигенді жақсы көргенін білді. Бұдан бөлек, әдеби тұлға сыртқа ешқашан иіс су сеппей шықпаған екен. Айту керек, Ғабит Мүсіреповтің 500-ден астам туындысы бар. Бүгінде оның шығармаларын әлемнің 34 тілінде оқуға болады.

 

Айгерим Ержанова