Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО жаңа әкімі тағайындалды

Әділбек Жақсыбеков – ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы:

– Құмар Іргебайұлының тәжірибесі мол. Совхоздың бас инженері, ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшысы және екі бірдей ауданның әкімі болды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы және хатшысы қызметтерін атқарды. Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып еңбек етті.

Кейін өңіріміздің жаңа басшысы Құмар Ақсақаловқа Әділбек Жақсыбеков бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ең бастысы – Елбасы жолдауында айтылған 5 басым бағытты жүзеге асыру.

Әділбек Жақсыбеков – ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы:

– Біріншіден, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті мен әлеуметтік инфрақұрылымын тағы шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту. Екіншіден, ауыл шаруашылығына бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажет. Сондықтан, жаңа басшыға сәттілік тілеймін.

Өз кезегінде Құмар Ақсақалов зор сенім білдірген мемлекет басшысына алғысын білдіріп, алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Елбасымызға алғысымды білдіремін. Осы залда отырған біраз азаматтарды білемін, танимын. Сондықтан алдағы тұрған Елбасы тапсырмаларын бірге, адал қызмет етіп, жұмыс істеуге дайынмын.

Туған өлкесінің дамуына зор үлес қосқан Ерік Сұлтанов 3 жылдай өзіне қолдау көрсеткен жерлестеріне алғыс білдіріп, облыстың жаңа әкіміне сәттілік тіледі.

Ерік Сұлтанов:

– Ең алдымен туып-өскен өңірімізді көркейту жолында үш жылдай қызмет еткенім үшін Елбасы Н.Назарбаевқа алғыс білдіремін. Осы уақыт ішінде қолдау көрсеткендеріңіз үшін сіздерге шексіз ризамын. Алдағы уақытта да Елбасының сенімін ақтып, халқымызға адал қызмет етуге бар күш-жігерімді саламын. Құмар Іргебайұлына жаңа қызметінде сәттілік тілеймін.

Ерік Сұлтанов өңірге басшылық еткен жылдары бірқатар салалаларда ілгерілеушілік байқалды.

 

Магжан Ахмадиана