МТРА жаңалықтары

Петропавлда тұтынушылар өнімдегі зиянды заттар мөлшерін тексерді

Тамара Островская, тұтынушы:

– Қазір жеміс-жидектердің тез пісуі үшін нитраттарды егетінін, оның денсаулыққа зияндығын жиі естимін. Бүгін өзім көз жеткізгім келді. Маман тексеріп, құрамындағы нитрат мөлшері қалыпты, жей беріңіз деді. Көңілім де жайланып қалды.

Көкөністердің құрамындағы нитраттар арнайы құрылғының көмегімен анықталады. Бірнеше минуттың ішінде қорытындысы шығады. Бұл жерде тексерілген орамжапырақ, сәбіз, алмалардың құрамынан ешқандай зиянды зат табылмады. Тауық еті, сыр мен сусындар да сыналуда. Ал, құрамы дәруменге бай балықты қорықпай жей беруге бола ма? Оны микроскоптың көмегімен көреміз.

Евгения Горленко, СҚО Ұлттық сараптама орталығы лабораториясының маманы:

– Мөңке балығын микроскопқа салып көреміз. Паразитарлық тест жүргіземін. Адам денсаулығына қауіп төндіретіндей заттардың болмауын қараймын. Балықты әрқашан әбден пісіріп жеу керек. Ал, менің қолыма түскені таза, қорықпай тұтынуға болады.

Өңірде табиғи өнімдердің құрамынан зиянды заттардың табылуы сирек кездесетін жағдай емес дейді мамандар. Сондықтан, сатып алушы көңілінде күмін туса, бірден сараптамадан өткізгені жөн.

Ләзім Мияшева- СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы:

– Дүниезүзідік тұтынушылар құқығын қорғау күніне орай мұндай акцияны жыл сайын өткіземіз. Дені сауда саттық саласына қатысты. 2016 жылы бізге 600 арыз келіп түсті. Оның көбі электроникалық құралдардың сапасына байланысты. Сатушының тауарды қайтып алудан бас тарту жағдайлары да көп болды. Біздің мамандар аталған сауда орнына барып, тексеру жүргізеді. Тұтынушы құқығын қорғайды.

Бүгін супермаркетке кіре берісте арнайы кітапшалар да таратылды. Онда тұтынушы тауардың сапасын анықтағысы келсе қайда жүгінуге болатыны анық жазылған.

 

Акбопе Танирберген