МТРА жаңалықтары

Петропавлда 1+1 ән байқауының ақтық кезеңіне қатысатын үміткерлер белгілі болды

Бұл жұпта Данияр кәсіби шебер болса, Анастасия – әуесқой әнші. Байқауда алғаш рет бақ сынайтын өнерпаздар көрерменді таң қалдыру үшін күрделі әнге таңдаулары түсіпті.

Данияр Қостанов – “1+1” ән байқауына қатысушы:

– “Жить” – әнін орындау өте қиын. Туындының тембрі өте ұзақ. Төменгі ноталары да бар.

Байқауға қатысу үшін қаламыздағы сауда компанияларының мамандары, студенттер, тіпті, банк қызметкерлері ниет еткен екен.

Елена Аличева – “1+1” ән байқауына қатысушы:

– Байқаудың былтырғы жарысына “Қазақтелеком” акционерлік қоғамынан 2 әріптесім қатысты. Олар финалдық кезеңге дейін жетті. Биыл мен де өз бағымды сынауға бел будым. Бұрын сахнаға шықпағам, тек үйде және достарымның арасында ән шырқаймын. Жарыста жұбым екеуміз “Мумий Тролль” тобының “Невеста” әнін орындаймыз.

Айта кетейік, Петропавлда “1+1” ән байқауы үшінші жыл қатарынан өткізілгелі отыр. Биылғы жарыстың іріктеу кезеңінде 50-ге жуық үміткер өздерінің мүмкіндіктерін байқап көріпті. Олардың ішінен тек 12 жерлесіміз іріктелініп алынып, кәсіби шеберлермен жұп құраған. Енді, бұл жандар сайыстың ақтық кешінде “Sandi” тобы мүшелерінің сүйемелдеуімен жанды дауыста өнер көрсететін болады.

Дмитрий Столбовский – “1+1” ән байқауының ұйымдастырушысы:

– Кәсіби мамандар іріктеу сынында үміткерлердің дауыстарын, сахнада өздерін ұстауларын ескеріп финалдық сайысқа үздіктерін жібереді. Жұптардың көбісі ақтық сында шырқау үшін өткен жылдардағы хит әндерді таңдауда. Билеттер жақын арады кассаларға түседі. Олардың құны 1500-бен 3000 мың теңгенің аралығында болады.

Биылғы байқаудың жүлде қоры да ауқымды. Үздік үштікке енген әншілерге 300 мың теңге үлестіріліп берілмек. Оған қоса демеушілер тарапынан да түрлі сыйлықтар бар. Жалпы, “1+1” ән байқауының ақтық кезеңі наурыз айының 30-ы күні “Жастар сарайында” өтеді.

 

Култанов Байболат