МТРА жаңалықтары

Өткен жылы өңірде “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 1 млрд 558 млн 620 мың теңге бөлініпті

Виктор Петросян – “Тигран аяқ киімі” ЖК директоры:

– Аяқ киімдердің дизайнын өзіміз әзірлейміз. Сұраныс болса біз айына 400 жұп аяқ киім тіге аламыз. Тауарды негізінен Петропавл мен Астанада саудалаймыз. Алдағы уақытта Қарағандыға, Атырау сынды өзге қалалардың нарығына шықпақ ойдамыз. Біз клиенттің тапсырысы бойынша да аяқ киімді тігеміз. Өлшемдер 36-дан басталады.

Алдағы уақытта кәсіпорын басшысы өндіріс көлемін ұлғайтып, экспортқа да шықпақ ниетте.
Ал бұл – Береке шағын ауданындағы Левин ЖК-нің жиһаз дүкені. Жұмыс істеп тұрғанына бір жыл ғана болыпты. Кәсіпорын басшылығы сауда нүктесін ашу үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы 7 жылға несие рәсімдеген. Бұнда негізінен үстел, орындықтар мен жұмсақ жиһаздар сатылады. Қала бойынша тапсырысты жеткізу тегін.

Алёна Требтау – “Левин ЖК” жиһаз дүкенінің әкімгері:

– Біз кез келген адамға кеңес беріп, жиһаз таңдауға көмектесеміз. Бізге көбіне 20-шы шағын ауданның тұрғындары келеді. Жиһазға кепілдікті бір жылға дейін береміз.

Баспасөз турындағы келесі нысан – “Қазетөнімдері” ЖШС болды. Бұл жерде шұжықтың және еттің 100-ден астам түрі өндіріледі. Бүгінде кәсіпорында 47 адам еңбек етеді. Шикізаттың барлығы өңіріміздің шаруа қожалықтарынан алынады.

Татьяна Куликова – “Қазетөнімдері” ЖШС директорының орынбасары:

– Тауарды негізінен өзіміздің сауда нүктелерінде сатамыз. Бізде қалада 10 фирмалық дүкеніміз бар. Сондай-ақ, Астана мен Қарағанды қалаларына да жеткіземіз. Біз халал өндірісін шығармаймыз. Оның өзінің талаптары бар. Ал оған біз әзірге дайын емеспіз.

Кәсіпорын өткен жылы 600 тоннадан астам өнім шығарған. Алайда, бұл жерде шикізат тапшылығы бар екен. Технологтардың айтуынша өнімге дәмдеуіштер аз мөлшерде қосылады әрі шикізат та жіті тексеріледі.

Юлия Гончарова – “Қазетөнімдері” ЖШС технологы:

– Кәсіпорынға келген шикізат толық ветеринарлық тексерістен, ал дайын өнім физико-химиялық және микро-биологиялық сараптамадан өтеді. Барлық тауар декларацияланған. Тірі малды қабылдағанда ветеринарлық құжатымен аламыз.

Айта кету қажет, кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс цехын ұлғайтпақшы. Ол үшін қасынан жаңа нысан қосылмақ. Жалпы өткен жылы өңірде “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 1 млрд 558 млн 620 мың теңге бөлініпті. Жыл қорытындысы бойынша қаражат толық игерілген.

 

Риат Шони