МТРА жаңалықтары

Өңірде электр қуатының бағасын көтеру жөнінде қоғамдық тыңдалым өткізілді

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– 2016 жылдың қорытындысы бойынша дифференцияалдық тарифті қолдану кезінде компанияның шығыны көбейіп кетті. Осындай жағдайдан шығу үшін компания заң аясында шығындарды басқа қаржы көздері арқылы толықтыруға құқылы. Сәуір айнан бастап тарифті көтеру туралы құзырлы органға ұсыныс жасадық. Қарапайым тұрғындар жаңа тариф бойынша 23 тиын артық төлейді. Ал заңды тұлғалар қосымша құн салығын есептемегенде, бір киловат электр тоғы үшін 1 теңге 29 тиын беретін болады.

Бүгін қоғамдық тыңдалымда тарифтің өсетіндігі туралы тұрғындар мен ұйым жетешілеріне түсініктеме берілді. Халық бағаның өсуіне қарсы. “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағандықовтың айтуынша, бүгінде өңірге электр қуатын таратумен “СҚ электр желістік тарату” компаниясы ғана айналыспайды. Шаһарымыздың жекелеген аудандарын тоқ көзімен «KEGOK» компаниясы, Оңтүстік-Орал темір жолы қамтамасыз етіп отыр екен. Бірақ сол мекемелердің шығындары барлық қала тұрғындарына теңдей етіп бөлінген.

Николай Завьялов -СҚО тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының мүшесі:

– Қаланың өзінде электр қуатын тұтынған тұрғындар қарызды түрліше тарифпен өтейді. Бұл дұрыс емес. Азаматтар үшін бірыңғай тариф бекітілуге тиісті. Сол кезде тоқ таратушы ұйымдардың да шығындары азаяды деп есептеймін.

“Севказэнергосбыт” серіктестігінің басшылығы бұл сұрақты үкіметке жолдаймыз деді.
Бағаның көтерілуіне зейнеткерлер де қарсы. Нашраф Гарифова зейнетақымның көп бөлігі коммуналдық төлемдерге кетеді дейді.

Нашраф Гарифова – тұтынушы:

– Қолыма 40 мың теңге зейнетақы аламын. Соның 16 мыңын коммуналдық төлемдер. Қазір азық-түліктер мен коммуналдық қызметтердің құны өсуде. Сондықтан мен электр бағасының көтерілуіне қарсымын.

Бүгінде “Севказэнергосбыт” компаниясы облыс бойынша 150 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді.

Берік Қасен