МТРА жаңалықтары

Петропавлда мектеп және балалар киімі тігін фабрикасы жұмысын бастап кетті

Қазір мұнда күніне 50 дана оқушы қыздардың белдемшесі тігіледі. Алдағы жоспар – күн сайын 200 дайын киім үлгісін шығару. Осылайша, айына 4400 дана тауыр әзірлеп шығамыз деп құлшынып отыр, тігінші келіншектер. Машинкада жүгірген саусағына көз ілеспейтін Дариға Валеева жаңа фабрикаға жұмысқа орналасқанына қуанышты. Бұл салада 30 жалдан артық тәжірибем бар. Кез келген жоспарды орындаймыз деп отыр нәзікжанды.

Дариға Валеева, тігінші:

– Тігінші болу үшін өз ісіңді сүю керек, жауакершілік керек. Қазір белдемшелерді тігіп жатырмыз.

Тігіншілердің қолынан шыққан дайын киімді келесі жақта қырын шығарып үтіктеп, қоймаға жөнелтеді. Белдемше, пиджак пен жакет, шалбар, желеттер. Фабрикада оқушы киімнің 6 түрі тігіледі.

Ақбөпе Тәңірберген, тілші:

– Фабриканың киім пішу цехында 2 адам жұмыс істейді. Әзірге олар мынадай сызғыштың көмегімен әр матаның миллиметрін өлшеп, қайшымен кеседі. Көп ұзамай бұл жұмыстардың барлығын Италиядан әкелінетін автоматтандырылған құрылғы атқаратын болады. Мұндай компьютерлендірілген технология бір айдан кейін жеткізіледі деп күтілуде.

Тігуі қиын, жұмсақ әрі қалың матаға тісі бататын арнайы машиналар да өз кезегін күтіп тұр. Мамырдың бас кезінде фабрикадағы келіншектер трикотаж материалдармен жұмыс жасай бастады. Сөйтіп, балалар іш киімдері мен спорт формалары тігілетін болады.

Александр Белоконенко, Петропавл мектеп және балалар киімі тігін фабрикасы директорының міндетін атқарушы:

– Қазір тігіншілер жаңа машиналарына үйреніп, қолда бар пішіндермен киімдерді тігіп жатыр. Жақында тапсырыстарды алып, жоспар бойынша жұмыс жасаймыз. 1-11 сынып аралығындағы балаларға мектеп формасын тігеміз. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге киім тігеміз. Бағалары, әрине шетелден жеткізілетіндермен салыстырғанда арзанырақ болады.

Жергілікті тігіншілер қолынан шыққан мектеп формалары мен балалар киімі Петропавлдан бөлек, Астана, Қарағанды, Өскемен қалаларында да сатылмақ.

 

Акбопе Танирберген