МТРА жаңалықтары

Облыстық прокуратурада консультативтік кеңестің кезекті отырысы өтті

Айдар Мұқанов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:

– Жүйе орталықтандырылған. Одан республика көлемінде әр өңір жайында ақпарат алуға болады. Тіпті, жұмыс беруші біздің порталды пайдаланып қызметкерінің сотталмағандығы туралы анықтамасын нақтылауға да мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, порталдың көмегімен айыппұлды да өтеуге болады.

Тың жаңашылдық арқылы кез келген адам үйінен шықпай-ақ ғаламтор желісі арқылы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң сайтынан түрлі ақпаратты ала алады. Мәселен, көлік сатып алар кезде оның бұрындары жол апатына ұшырағандығын, өзіңіздің айыппұлдарыңыз жайында білуге болады. Сонымен қатар, өңірдегі криминогендік жағдайды да байқай аласыз. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 153 қылмыстық құқық бұзушылықтар орын алыпты. Геокартада заңбұзушының қандай бап бойынша жазаланып отырғандығынан бастап, мекен жайына дейін жазылған. Алайда, консультативтік кеңес мүшелері ведомствоның ақпараттық жүйесінде шикіліктер бар екендігінде айтуда.

Ербахыт Амантайұлы – консультативтік кеңес мүшесі:

– “Айқын” деген базада төленген және төленбеген әкімшілік айыппұлдар тіркелген. Кез-келген азамат сонда кіріп өзінің айыппұлы бар ма жоқ па екендігін біле алады. Бұл мәселеде келеңсіз жағдайлар туындап жатады. Мысалы көлікті сатқан кезде төленген айыппұл базада төленбеген болып шығады. Ондай жәйттар болмас үшін түбіртекті тиісті мекемеге апарып, базаны жаңарту қажет.

Жиын соңында консультативтік кеңес мүшелері тың жүйені қолдап, халық арасында кеңінен ақпараттандыру шарасын жүргізу керектігін алға тартты.

 

Риат Шони