Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен республикалық турнир жалауын желбіретті

Мейрам Хамзин – жарыстың бас төрешісі:

– Бұл жарыста палуандар 7 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Араларынан жасөспірімдер құрамасына спортшылар іріктелініп алынады.

Әне-міне дегенше тартысты белдесулер де басталып кетті. Шымылдықашар кездесу 50 келі салмақ дәрежесіндегі палуандар арасында өтті. Боз кілем үстінде – сайын даланың сайыпқыран саңлақтары. Көк бұрышта – солтүстікқазақстандық өрен Саят Әлжанов. Оның бүгінгі қарсыласы – Қарағанды облысының спортшысы Кирилл Маслов. Қос палуан біріне-бірі дес берер емес. Екеуі де бұрын-соңды бір-бірімен күресіп көрмеген. Арыстанша атылған теріскейлік палуан қарсыласынан айласын асырды. Барлық тәсілдерін ұтымды пайдаланып, Кирилл Масловтың қос жауырынын жер иіскетті.

Саят Әлжанов – жарысқа қатысушы, СҚО:

– Қарсыласым осал емес. Менікі басында қорғаныс болды. Кейін шабуылға көшіп, айламды асырдым.

Грек-рим күресінен КСРО Құрметті спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Жамбыл Тасеменовтың құрметіне арналған турнирді ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Аты аңызға айналған классикалық күрестің майталманы, жерлесіміз Жамбыл Серғазыұлы жас кезінде Қазақастан, Қырғызстан және Өзбекстан чемпионы болған. Сондай-ақ, ол 1969-шы жылы Польшада өткен турнирде жеңіске жеткен. Жамбыл Тасеменов 1997 жылы өңірде спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының ашылуына мұрындық болған.

Жамбыл Тасеменов – грек-рим күресінен КСРО Құрметті спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері:

– Мен КСРО-да спорт шебері болып қана қойған жоқпын. Онда 5 жыл қатарынан үздіктердің қатарында болдым. Түрлі дәрежедегі жарыстарға қатысып, жеңіске де жеттім, жүлдеге де іліктім.

Сайыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар кубок, грамота және медальдармен марапатталады.

 

Риат Шони