МТРА жаңалықтары

Петропавл мектептерінде түлектерді КТИ-на шақыру мақсатында үгіт-насихат жүргізілді

Көкшетау техникалық институтының курсанттарының күнделікті тірлігі осы. ЖОО-да өз ісіне адал нағыз құтқарушыларды дайындап шығарады. Мектеп бітіріп келген түлектер мұнда 3 мамандық бойынша 4 жыл оқиды. Бұл жайында петропавлдық оқушыларға аталмыш әскери оқу орнының курсанты Диас Әубәкіров әңгімелеуде.

Диас Әубәкіров, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс офицерінің міндетін атқарушы:

– Бастысы талапкердің денінің сау болуы. Әскери-дәрігерлік комиссияны өтуі тиіс. ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, физикалық нормативтерді орындай алуы керек. Осы талаптарға сай болса, техникалық институтқа оқуға түсе алады. Бітіргесін, жұмысы дайын, тегін үй беріледі. Зейнет демалысына да ертерек шығады. Әрине, әскер өмірдің де өзіндік қиындықтары бар.

Таңғы 6:30-да тік тұру керек. Казармадағы әскери өмірдің өз талаптары бар. Курсанттар жылына екі рет демалысқа шығады. Киімі, тамағы, жолақысын – мемлекет қаржыландырады. Темірлан Жұматаев – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейдің 10-шы сыныбында оқиды. Бозбала КТИ-түсуге қызығушылық танытып, Диас Әубәкіровке көкейдегі сұрақтарын жаудырды.

Темірлан Жұматаев, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейдің оқушысы:

– Мен құтқарушы болғым келеді. Үйге барып ата-анаммен КТИ-ға түскім келетінін жеткіземін.

Айта кетейін, КТИ-не Солтүстік Қазақстаннан түсетін жігіттердің саны аз екен. Биыл Петропавлдағы барлық мектептің түлектерімен кездесу өткізіліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Бүгінгідей жиынға қатысқан жергілікті 2 мың оқушының 50-і құтқарушы болуға ынта танытып отыр.

Акбопе Танирберген