Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Көктем-2017” оқу-жаттығу жиындары басталды

Риат Шони, тілші:

–  Көктем келіп, қардың көбесі сөгіле бастады. Синоптик мамандардың айтуынша наурыз айының соңы мен сәуір айының бас кезінде Есіл өз арнасынан көтеріліп, қызыл су алқаптарға ақпақ. Бүгінде облыс бойынша 95 елді-мекен су басу қауіпінде тұр. Сол себепті, ТЖД мамандары жедел түрпде жаттығу жиындарын өткізуде.

Бүгінгі оқу-жаттығу жиындары Ойқала ауданында өткізілуде. Себебі, бұл жерде 1 мыңнан астам үй болса, оның көпшілігін су басу қаупі бар. Есіл өзені жақын орналасқан. Арнайы бөгет құрылғанн. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Жаттығу сценарийі бойынша оны су шайып кетті. Бұл жайында құтқарушылар тұрғындарға Жергілікті полиция қызметінің көмегімен хабарлап, үйлерін босату қажеттігін ескертті.

Бірден жинақы түрде эвакуациялау шарасы жүргізіліп, тұрғындар автобуспен қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың үйлерін біреу-міреулер тонап кетпес үшін әр бес метр сайын тәртіп сақшылары кезекшілікке тұрды. Барлығы да қарбалас. Ауыр техникалар жылдам келіп инертті материалдарды төгіп, дамбаны қалыпқа келтіруде. Осы бір сәтте қызыл су жеткен үйлердің бірінде қысқа тұйықталу орын алып, өрт шықты. Бұған сақадай сай құтқарушылар тілсіз жауды бірден ауыздықтап үлгерді. Жақын маңда Ұлттық ұлан сарбаздары қызыл судың одан әрі жайылып кетпеуі үшін құм толы қаптармен бөгет жасауда.

Болатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:


–  Бүгін жаттығу жиынына 26 бірлік техника мен жеке құрамның 48 адамы жұмылдырылды. Су басқан аумақты Ұлттық ұланның сарбаздары қоршауға алады. Қауіпсіздік үшін бұл жаққа ешкім жоламауы керек. Сценарий бойынша бізде 12 үй тасқынның астында қалды. Жалпы өздеріңіз білесіздер, қалада көктемде Заречный кенті мен Хромзауыт жағын су басу қаупі туындайды. Оның алдын алу үшін біз жоспарлы шараларды жүргізіп жатырмыз.

Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиындары барысында жедел-құтқару жасағының мамандары да шеберліктерін паш етті. Олар Есіл өзеніне суға түсіп кеткен балықшыны ажал аузынан құтқарып қалды.
Жалпы қазіргі таңда өңір бойынша 95 елді мекенді су басуы мүмкін. Қызыл сумен күресу үшін барлығы дайын. 1 млн тоннаға жуық инертті материал әзірленген.

Антон Федяев – Су тасқынына қарсы облыстық штабтың бастығы, СҚО әкімінің орынбасары:

– Жалпы қазіргі таңда өңірде қар көп. Оның деңгейі бұрынғы жылдармен салыстырғанда 1,5-2 есеге артық. Өткен жылы өңірде су басқан елді мекендерде арықтар қазып, бөгет әзірледік. Бүгінде Сергеев су қоймасы 94 пайызға, Петропавлдыкі 80 пайызға толып тұр. Бұл су тораптары қайта жөндеуден өткен. Сол себепті, аса қауіп жоқ.

Айта кету қажет, алда-жалда қызыл су келген жағдайда онымен күресуге облыстағы азаматтық қорғаныстың жеке құрамындағы 2 800-ге жуық адам мен 600 бірлік техника жұмылдырылады.

 

Риат Шони