МТРА жаңалықтары

Петропавлда кезекті қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Дулат Тайшабай – Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі:

– Былтыр өңірдегі мемлекеттік органдарда 71 бақылау жұмысын жүргіздік. Оның 64-і тұрғындардың өтініші бойынша іске асты. Тексеру барысында мемлекеттік қызметкерлердің өздеріне түскен өтініштерді ұзақ қарау, толық ақпарат бермеу және мемлекеттік сатып алу үрдісінің бұзылуы сияқты 100-ден аса факті анықталды.

Тағы, қоғамдық кеңесте кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғау жөнінде де сөз қозғалды. Былтыр, облыс прокурорлары өңір аумағындағы мектеп, дәріханалар мен тағы да басқа әлеуметтік маңызы бар нысандарда 45 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, 600-ге жуық құқықбұзушылық анықталыпты. Бақылау жұмысы кезінде 307 адам әкімшілік жауапқа тартылса, 3-уіне қатысты қылмыстық іс қозғалған екен. Әсіресе, құзырлы орган өкілдерінің сөзінше өңірде соңғы кездері нәресте өлімінің ақ-қарасы ашылмай қалу фактілері көп орын алған.

Асхат Ауқатов – СҚО прокуратурасы 1-ші басқармасының бастығы:

– Тексеріс жұмыстары кезінде нәресте өліміне қатысты іс сотқа жетпей қалғанын анықтадық. Кейбір құжаттарда баланың не себепті көз жұмғаны жайлы еш ақпарат кездеспеген сәттер болды.

Жиында бұл өзекті мәселені алдағы уақытта құзырлы орган өкілдері ерекше бақылауға алатындықтарын айтты. Жалпы, қоғамдық кеңесте 3 сұрақ қаралды.

 

Култанов Байболат