Спорт

Өңір спортшыларының қоржыны тағы медальдармен толықты

Үшеуін қатар алып жүрген жасөспірім үшін осы жолғы жарыста шаңғы сайысы қиындық тудырған екен. Ауа райының күрт жылынуына байланысты трассадағы қар ери бастаған. Сөйтіп, ол мәре сызығын 11-ші болып кескен. Алайда, спорттың қалған екі түрінен жоғары нәтиже көрсеткен Кирилл алтыннан алқа тағынды.

Кирилл Сасин – Республикалық қысқы президенттік көпсайыс жеңімпазы:

– Алғашқы сайыста біршама қиналып қалдым. Шаңғым ауа райына сай дайын болмап еді. Бірақ, нысанаға дәл тигізу мен турникке тартылудан жақсы өнер көрсетіп, алға суырылып шықтым. Жеңіске үздіксіз дайындықтардың арқасында қол жеткіздім деп ойлаймын.

Президенттік көпсайыста СҚО спортшылары жақсы өнер көрсете білді. 2-уі жеңіс тұғырынан көрінсе, тағы 4-уі күміс медальді қанағат тұтқан. Солардың бірі – Вадим Дрозд. Ол – қысқы және жазғы президенттік көпсайыстан спорт шеберіне үміткер.

Вадим Дрозд – Республикалық қысқы президенттік көпсайыстың күміс жүлдегері:

– Бұл спортпен кішкентайымнан айналысып жүрмін, сол кезден бастап әр түрлі сайыстарға да қатыстым. Ал Астанада өткен спартакиада қарсыластарым осал болған жоқ. Сондықтан, бар күш-жігерімді жинап, жүлделі 2 орынды иелендім. Жарыс ойдағыдай өтті деп санаймын. Енді жазғы президенттік көпсайысқа дайындығымды бастамақпын.

Жалпы президенттік көпсайыстан өңірлік қос құрама жалпыкомандалық есепте 1-орыннан көрінді. Ал екінші мен үшінші орынға Қостанай мен Қарағандының спортшылары жайғасқан. Сондай-ақ, жерлес спортшылардың қоржынында футзал мен спорттық бағдарлаудан да қола медальдар бар.

Қанат Сәдуақас – СҚО білім басқармасы дене тәрбиесі, спорт және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:


– Президенттік көпсайысқа дайындалу барысында біз мектепшілік, аудандық және облыстық сайыстарды өткіздік. Облыстық жарыста жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар мен студенттерді таңдап алып, облыс құрамасын жасақтадық. Олар өңір намысын қорғап, 1-ші орын алып келгендеріне біз өте қуаныштымыз.

Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы республикалық 8-ші қысқы спартакиада әлі жалғасуда. Спорттың 10 түрінен өтіп жатқан дүбірлі дода наурыз айының соңында өз мәресіне жетеді.

 

Эльмира Садуакасова