МТРА жаңалықтары

СҚО-да құрылыста жұмыс істейтін краншы әйелдер бар

Ақбөпе Тәңірберген, тілші:


– Құрылыс барысында ерлермен қатар тер төгіп жүрген нәзікжандылар бар. Бірақ, олардың саны көп емес. Мәселен, Галина Павловна дәл 20 жасында мына алып техниканы басқаруға отырған. Бүгін мен де басқарып көрдім. Қорқатын ештеңесі жоқ. Тетікті басып, тепе-теңдікті ұстай алса жеткілікті.

Осылайша Галина Королева биік-биік үйлердің құрылысында ауыр материалдарды жоғары көтеріп беріп отырады. 25 жыл жұмысының барысында Петропавлдағы 30 -ға жуық нысанды салуға қатысқан.

Галина Королёва, “Севимсталькон” ЖШС кран жүргізушісі:

– Бұл мамандықты оқушы кезімнен армандадым. Ең алғаш басқарғанда қорықтым. Қобалжыдым. Ақырындап үйреніп кеттім. Назарбаев Зияткерлік мектебін, Юбилейное, Береке ықшам аудандардағы үйлерді салуға қатыстым. Қыста жұмыс аз кезде кранымды сағынамын. Қыста суық болса, жазда жоғарыда қатты ыстық. Кілең ерлермен бірге жұмыс істейміз. Әйелдер де бұл мамандықты меңгеріп алып, біздің қатарға қосылса екен.

Мұнда Галинадан бөлек екінші кранды Елена Андреева жүргізеді. Ол қазір металл құрастыру цехында көпірлі кранмен темір материалдарды жылжытады. Жалпы “Севимсталькон” серіктестігінде жұмыс істейтін 100 адамның 15-і – әйел. Аталмыш техниканы тек екеуі ғана басқарады.

Елена Андреева, “Севимсталькон” ЖШС кран жүргізушісі:

– Қанша жыл құрылыс барысында жұмыс істеймін, Галядан басқа кран жүргізетін әйелді кезіктермеппін. 1982 жылы мен алғаш жұмысқа шыққанда құрылыс барысында әйелдер көп болатын. Кілең қыздардың бригадасы да болды. Жұмыс өте қауіпті. Кранмен ауыр плиталарды көтереміз. Кез келген жерден ақау шығып, не материал, не кран құлап кетуі ғажап емес. Мұндай оқиғаларды естіп жатамыз. Қорқынышты, бірақ кәсібімді жақсы көремін.

Күнделікті жұмыстарын алаңсыз атқарып жүрген нәзіжандылар түйдей құрдас. Жастары 53-те. Зейнетке осы жерден кетеміз деп отыр. Әріптестері күнделікті жұмыс барысында қос келіншектің нәзікжанды екенін ұмытып кеткенімен, 8 Наурыз меркесінде назардан тыс қалдырмайды екен.

Солтүстік Қазақстанда түрлі саланың тұтқасын ұстаған нәзікжандылар көп. Ал, краншы келіншектер Галя мен Ленаның орны бөлек дейді, әріптестері.

 

Акбопе Танирберген