Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен М.Жұмабаев ауданында болды

Олег Кошик – жеке кәсіпкер, М.Жұмабаев ауданы:


–  Бұл – менің мұндағы 3-ші дүкенім. Оған 15 млн теңге жұмсадым. Бұл соманың жартысы өз қаражатым боса, қалғаны мемлекеттік бағдарлама арқылы алынған. Қазір мұнда тауардың 1 мыңнан астам түрі бар.

Аймақ басшысы Олег Кошикке алдағы уақытта дүкенде ауылшаруашылығы техникасына қажетті бөлшектерді де саудалауға кеңес берді. Өйткені, бұл тиімді әрі шаруаларға да алысқа барудың қажеті жоқ.

Кейін аймақ басшысы Булаево қаласында тұратын 84 жастағы тыл ардагері Матрена Владюкті Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, теледидарды сыйға тартты.

Бұдан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов аудандағы қар тазалау жұмыстарымен танысты. Бұл мақсатқа Булаево қаласына 4 млн теңге қаражат бөлінген. Жыл басынан мұннан 26 мың текше метр ақ ұлпа шығарылыпты. Аудан орталығындағы мына көл көктемде тасып, бірнеше үйді су астында қалдыруы мүмкін. Осы ретте ТЖД қызметкерлері бұл жерге арнайы құрылғылар орнатуда. Насос күніне 10 мың текше метр суды сорып ала алады екен. Сондай-ақ, биыл мұнда 20-дан астам мотопомпа да сатып алынған.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Көктемде су тасқыны болатыны белгілі. Сондықтан, ертеңнен қалдырмай мына насостарды іске қосыңыздар. Ауданда былтырғы жағдай қайталанбауы тиіс.

Кейін аймақ басшысы Булаево қаласындағы бейнебақылау орталығында болды. Мұнда тәртіп сақшылары 27 камера арқылы тәулік бойы аудан орталығындағы тыныс-тішілікті назарда ұстап отырады.

Ерлан Сұлтанов – М.Жұмабаев аудандық ІІБ бастығы:


–  Қалада 27 камера орнатылған. Оның 15-і барлық бағытта бұрылып тұрады. Камералардың көмегімен біз айыппұл төлемей жүрген азаматтарды анықтап, оны өндіріп аламыз.

Бұдан соң аймақ басшысы жаңадан салынған 18 пәтерлі тұрғын үйде болып, атқарылған жұмыстарды байқады. Барлығы дайын. Тек енді баспананы қолданысқа беру ғана қалды. Сондықтан, бұл шаруа наурыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Бұдан соң өңір жетекшісі “Нұр Отан” партиясының аудандық филиалында “Зейнелгабиденов” шаруа қожалығының иесі Нұртай Сағитұлын қабылдады. Кәсіпкердің ауданда 8 мың гектар жері бар екен. Оның біраз бөлігі шекарада орналасқан. Былтыр оның 25%-ы су астында қалып, біраз шығын көрген. Енді ол бұл жағдай биыл да қайталана ма деп алаңдаулы.

Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деді. Сондай-ақ, ауданда еш қиындықтарға қарамастан жұмыс орындарын сақтап қалу қажеттігін айтты.

Нұртай Зейнелгабиденов бүгінде ол 18 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Айгерім Ержанова