МТРА жаңалықтары

Алтын құрсақты ана

Бірі жұмысқа, бірі оқуға кеткен бала-шағасын осылайша самауыр толы шайын қойып, ыстық бауырсақтарын пісіріп күтіп отырады. Халима апаның байлығы – бала-шағасы. Бүгінде 7 ұл-қыздан 12 немере мен 9 шөбере сүйіп отыр. Алтын алқа тағынған ананың тілеуі – ұрпақтарының амандығы.

Халима Салықова, “Алтын алқа” белгісінің иегері:


–  57-ші жылы 31 қазанда тұрмыс құрдым. Содан кішкене кемшілік кез болса да мойымай, балаларды өсірдік. 29 жыл сауыншы болдым, әуелі қолмен саудық, кейін трактор болды, кейін свет берді. Онымен саудық. Сол еңбектің арқасында балаларымның арасында зейнетін көріп отырмын. Балаларыма денсаулық беріп, балаларыма ұзақ ғұмыр беріп, менің жақсы өмірімді берсін.

Омбы қаласында тұрған қария туған жері Солтүстік Қазақстанға бала-шағасын ертіп, тек 2004-ші жылы көшіп келген. Мұндағы жұрт құшақ жая қарсы алыпты. Жастайынан қара жұмысқа араласқан кейуананың маңдай тері еленіп, уақытында “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталып, “Жигули” автокөлігін де мінген екен. Туған 7 баласының аралары тым жақын. Олар кішілері үлкеннің киімін киіп, бір-біріне қарайласып өсті дейді. Бүгін міне барлығы да аналарын 8 Наурыз мейрамымен құттықтап келген. Тұла бойы тұңғышы – Бақытжан Жұматаева бүгін немерелері Әмір мен Жансаяны да ертіп келіпті. Анасына ұқсап ол да 5 баланы дүниеге әкелген.

Бақытжан Жұматаева, үлкен қызы:

– Бүгін анамызды құттықтауға жиылып отырмыз. Өкінішке қарай Астанада тұратын бауырларым келе алмады. Дастархан басында барлық естеліктерді өз балаларымызға айтып береміз. Әке-шешеміз жұмыста болғанда бауырларыммен бір-бірімізге қарайласып, сабағымызды оқуға көмектестік. Бұл – біздің өз ұл-қыздарымызға үлгі. Менің де 5 ұлым мен 4 немерем бар.

Ұл-қызын аяқтандырған әже немерелерінің алдын отастырып үлгерген. Енді, шөберені жеткізіп, шөпшек сүйсем деп отыр. Кейінгі келіндер қорықпай сәби сүйіп, бала санына шектеу қоймаса деген тілегі бар. Себебі, әр баланың өз ырзығы болады дейді.

Халима Салықова, “Алтын алқа” белгісінің иегері:

– Көп балалыларға үкімет ақша да, үй де бірп жатыр ғой. Баяғыда біз ештеңе де алған жоқпыз. Көп бала деген үкіметке ол әжептеуір олжа емес пе. Қыз-келіншектер көп бала тапсын.

Балалы үй базар. Әр қазақстандық отбасы Халима әжейдің іші-сырты жанға толы шаңырағына қарап үлгі алатындай-ақ екен.

 

Акбопе Танирберген