МТРА жаңалықтары

Табиғи мемлекеттік қорықтарда жабайы аңдарды азықтандыру жұмыстары жүргізілуде

Биылғы қыста қар қалың жауды әрі қазір үстіңгі беті қатқылдау. Сол себепті, тұяқты жануарлар үшін азық табу қиынның қиыны. Бұны ескерген теріскейлік қорықшылар қыс басталғалы төртаяқтылар үшін барлық жағдайды жасауда.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім жетекшісі:

– Өңіріміздегі ауа райына байланысты қыс мезгілінде жабайы жануарларға көп көңіл бөлінеді. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік орман қорықтарында биотехникалық шараларды жиі ұйымдастырып тұрады. Өткен жылы орманшылар мен қорықшылардың көмегімен 2400 центнер сабан, 45 мың қайың сыпыртқысы, 1455 кг тұз және 1000 центнер мал жемі дайындалды.

Шаруашылық аумағында жем салатын 9 алаңқай бар. Азықтың орналасқан жерін жақсы білетін жабайы аңдар, ол жерден алысқа ұзамауға тырысады. Ал жақын арада жануарлар үшін ең қиын кезең басталмақ. Көктемдегі ауа райының тұрақсыздығынан, мұзға айналған қар суы астынан жем іздеу оңайға соқпайды. Сол себепті, қорықшылар сәуір айының ортасына дейін жабайы аңдарды азықпен қамтамасыз ететіндерін айтуда.

Анатолий Сухомлинов – “Красный бор” орман мен жануарлар әлемін қорғау мекемесі директорының орынбасары:

– Қоректендіру жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Біздің аумағымызда екі жарым мыңнан астам жабайы аң мекен етеді. Олардың барлығын қыстан аман-есен алып шығу үшін азықтың басым бөлігін жаз мезгілінде әзірлеп қойған едік. Қорек ретінде оларға қайың бұтақтары, сабан мен олардың ағзасына қажет тұз және бор беріледі.

Жалпы облысымызда аумағы 467 мың гектарды құрайтын 46 мемлекеттік табиғи қорық бар.

Эльмира Садуакасова