Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандық нәзікжандылар облыс әкімінің құттықтауын қабылдады

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Отан да, отбасы да, таным да ананың ақ жаулығынан басталады. Әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі. Қай кезде болмасын әйелдер ерлермен қатарласа жұмыс істеп, еңбек етуде.

Кейін аймақ жетекшісі сахнаға жеті және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналарды шақырып, оларға «Алтын алқа» табыстады. Есіл ауданындағы Тауағаш ауылынан келген Бақшагүл Жәнібекова солардың қатарында. 7 баланы тәрбиелеп отырған нәзікжанды бар бақытым – балапандарымның саулығы дейді.

Бақшагүл Жәнібекова – “Алтын алқа” иегері, Есіл ауданы:

– 2 қыз, 5 ұлым бар. Үлкен қызым колледжде оқиды. Кішкентайыларым екі егіз ұл 1,5 жаста. Балаларым өз жолын тауып, армандарына жеткенін тілеймін. Биыл отасқанымызға 20 жыл болады. Міне алтын алқа да алып жатырмын. Қуаныштымын. Аналар аман болсын.

Жиында тағы алтын құрсақты 7 ана күміс алқаға ие болды. Бұдан соң кезек Құрмет грамоталарына келіп жетті. Сөзсіз, әр әйел азамат құрмет-қошеметке лайық. Сондықтан, көктемнің шуақты мерекесін олар ерекше күтеді.

Айгүл Сұлтанова – «Қазақстан» РТРК АҚ СҚОФ телебағдарламар дайындау жөніндегі шығармашылық қызметінің редакторы:

– 8 наурыз өте керемет мереке. Аналарымыздың, әжелеріміздің мерекесі. Барлығын құттықтаймын. Әйел бақытын тілеймін.Мерекеде жолдасым мен балам қызым екеумізге құрмет көрсетіп, сыйлықтарын алып дайындалады.

Бүгіндері отбасы – ошақ қасында ғана емес, түрлі саланың тізгінін ұстап жүрген нәзікжандылар жетерлік. Облысымыздағы 215 депутаттың 53-і әйел азаматшалар екен. Тағы өңірде 23 мың бизнес субъектісі болса, соның тең жартысын осы келіншектер басқарады екен. Ал облыс әкімнің Құрмет грамотасына ие болған Майра Кәрішалова пошта тасиды. Күннің суықтығы не аптап ыстығына қарамастан хат-хабарламаларды діттеген мекен-жайға жеткізу – оның міндеті.

Майра Кәрішалова – Жамбыл аудандық пошта байланысы торабының пошташысы:

– Мен бастағанда кезінде 3-4 сөмек пошта таситынбыз. Қазір ауыл азайды. Сонда да әлі істеп жүрмін. Қиын болса да істейміз. Жол жоқ кездер болады. Салада 30 жылдан артық жұмыс істеймін. Облыс әкіміне рахмет.

Талай ақынның жырына, талай әнге арқау болған әйел азаматшаларға қандай мадақ айтсаң да жарасады. Сондықтан, салтанатты кештің соңы концертке ұласты. Онда қыз-келіншектерге арнап ән мен биден шашу шашылды.

Магжан Ахмадина