МТРА жаңалықтары

Еңбек ардагері Виктор Агеевке “СҚО Құрметті азаматы” атағы берілді

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Виктор Егорович облысымыздың өнеркәсіп саласының дамуына зор үлесін қосты. Ол өте жауапты әрі сауатты басшы бола білді. Бүгінде еңбек демалысында болса да Виктор Агеев қоғамдық жұмыстарға қатысып тұрады. Бүгінде ол жас ұрпақты тәрбиелеп, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда қызмет атқаруда.

Жақында еңбек ардагері Виктор Агеев 80 жасқа толды. Мерейтой иесін аймақ басшысы Ерік Сұлтанов құттықтап, оған облысымыздың Құрметті азаматы атағын берді.

Виктор Агеевтің еңбегі бұған дейін де лайықты бағасын алған. Бүгінде ол бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Десе де мерейтой иесі мен үшін жаңа ғана берілген «Облыстың Құрметті азаматы» атағы ең қымбаты дейді.

Виктор Агеев – СҚО Құрметті азаматы:

– Бүгін мен үшін ең керемет күн. Түрлі медальдарымның бары рас. Бірақ, ол ұмытылып қалады. Ал облыстың Құрметті азаматы атағы үнемі тұрғындар аузында жүреді ғой. Сондықтан, қазір мен үшін өте маңызды әрі есте қаларлық сәт.

Бұл күні Виктор Егорович дос-жарандары мен әріптестерінің жылы лебізіне бөленді. Олар туған күн иесін қиын кезде қол ұшын беруден аянбайтын қайырымды, еңбекқор, адал жан деп біледі.

Құдайберген Қалиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, СҚО Құрметті азаматы:

– 92-ші жылдан бастап біз бірге жұмыс жасадық. Бір кабинетте отырған едік. Мен жас әрі тәжірибесіз маман едім. Сол жылдары Виктор Егорович ешқашан көмектесуден бас тартпайтын еді. Үнемі жол сілтеп, ақыл-кеңесін беріп тұратын. Рахмет сізге. Бүгінгі марапатыңыз құтты болсын!

Жиын соңында кездесуге келгендер естелік суретке түсті.

 

Айгерим Ержанова