МТРА жаңалықтары

Петропавлда “20 ғасыр. Болашақ технологияларға көпір” көрмесі ашылды

Диаметрі небәрі 18 см-ді құраған теледидар тек 3 арнаны көрсеткен еді. Оның өзін көру үшін экран алдына глицерин мен су құйылған линза орналастырылған. Бұндай теледидарлар мен өзге де техникаға қол жеткізу үшін бірнеше айлық жалақы қажет болған. Ал көрменің мына бұрышынан ең көне жәдігер орын алыпты. Шетелде шығарылған телефон қондырғысы 1909 жылдың 1 қаңтарында Петропавл қаласының теміржол станциясында іске қосылған.

Жансұлу Бекенова -облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

– Бұл телефон қондырғысы көлемі жағынан өте үлкен, салмағы да ауыр болған. Ол тәулік бойы жұмыс істеп, тәулігіне 1820 қоңырауға дейін қабылдаған. Оның жұмысын 15-20 байланысшылар жалғастырған.

Бірнеше жыл өткен соң да, аталмыш телефондар тек мемлекеттік мекемелер мен ауқатты отбасылардың үйінен ғана орын тапқан. Оған себеп, байланыс үшін айына 120 сом төлеу қажет болған. Сондай-ақ, қала тұрғындары назарына 20-шы ғасырдың самаурын, фотоаппарат, магнитофон сынды өзге де революциялық жетістіктері ұсынылған.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

– Көрмеге келушілер ескі тұрмыстық техникамен, оның даму және жетілдіру тарихымен таныса алады. Әрбір адам уақытты тоқтатып, өткенге көз тастауға мүмкіндік алады. Жастар қазіргі ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін 20ғ салыстырып, прогресстің қаншалықты алға басқанын көре алады.

Петропавл қаласының Киров және ЗИМ зауыттарында шығарылған магнитофондар, радиоқабылдағыштар мен халықтың үлкен сұранысына ие болған шамдар да назардан тыс қалмады. Жалпы көрмеге бірнеше жылдар бойы музей қорына жилыған құнды 120 жәдігер қойылған. Оларды солтүстікқазақстандықтар тамыздың соңына дейін тамашай алады. Ал кейін бұл экспонаттардың орнына ЭКСПО-2017 көрмесі жайғасады.

 

Эльмира Сәдуақасова