МТРА жаңалықтары

Өңірде болашақ сарбаздарды медициналық бақылаудан өткізетін дәрігерлер тапшы

Еркінбек Байболов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:


–  Былтырғы көктемгі және күзгі әскерге шақыру маусымында 4245 азамат медициналық тексерістен өтті. Оның тек 3 мыңнан астамының денсаулығы жарамды болды. Бұл тізімнің ішінен де 2 мыңнан астамы белгілі бір себептерге байланысты қызмет етуге алынбады. Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартқан 121 жігітке 700 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.

Үстіміздегі жылы өңірден жедел әскери қызмет өтеуге шақырушылардың саны артпақ. Биыл теріскейден азаматтық борыштарын өтеуге 4 мың жасты аттандыру жоспарланған. Осы ретте өңір жетекшісінің орынбасары Антон Федяев облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке бұл міндетті толығымен орындауды жүктеді. Солтүстік Қазақстанда әскерге шақыру маусымы кезінде туындайтын өзекті мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, жасөспірімдерді медициналық бақылаудан өткізетін дәрігерлер тапшы. Тағы, өңірде жыл артқан сайын денсаулығы жарамсыз жігіттердің қатары көбеюде.

Светлана Кашенцева – №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Облыста әскерге шақыру маусымы кезінде болашақ жауынгерлерге 1 мыңнан аса дәрігер қызмет көрсетеді. Дегенмен, бізге әлі де 319 ақ халатты керек. Әсіресе, окулист, лор, невропатолог мамандар жетіспейді. Былтыр 18-жасқа дейінгі 6 мыңнан аса жігіт әскерге жарамсыз болып шықты. Олардың көбінің майтабан, жүйке жүйесінің сыр беріп және бүйрегі ауыратындығы белгілі болды.

Былтыр Айыртау ауданында күзгі әскерге шақыру маусымы кезінде жоспар 84 пайызға ғана орындалыпты. Тағы, аталған ауданда болашақ сарбаздарды медициналық бақылаудан өткізетін ғимарат тарлық етеді екен. Мұны облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев сынға алды.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Аудандарыңызда халық саны көп. Сондықтан, қазір сіздер жалдап қызмет етіп жатқан ғимаратты сатып алыңыздар. Немесе, жаңадан тұрғызу қажет.

Тағы, жиында өңір жетекшісінің орынбасары Антон Федяев облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің аудандық бөлімдері мамандарына әскерге жас сарбаздарды көптеп тартып, олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын бүгіннен жүргізуді тапсырды. Ал, жиын соңында қорғаныс саласына сүбелі үлес қосқан 15-ке жуық қызметкер алғыс хатқа ие болды.

 

Култанов Байболат